Бұдан басқа, қазіргі кезде заңнаманы жетілдіру шеңберінде «Еңбек ардагері» медалімен наградталған, зейнеткерлік жасқа толған, жалпы жұмыс өтілі 40 жылдан астам, оның ішінде бір салада кемінде 10 жыл, сондай-ақ еңбек қызметінде ең жоғары нәтижелерге қол жеткізген адамдарды еңбек ардагерлеріне жатқызу жөніндегі норма қарастырылуда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов мәлімдеді.

Сонымен қатар, Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында биыл Nur-Otan партиялық платформасы аясында Еңбек министрлігі Аға буын азаматтарының жағдайын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспарын бекітті.

Негізгі 9 бағыт бойынша 38 іс-шара қарастырылған:

- қарт адамдары бар отбасыларды қолдау;

- аға буын өкілдерін жұмыспен қамтуды арттыру;

- бос уақытты ұйымдастыру үшін жағдай жасау;

- қоғамдық сананы жаңғырту;

«Аталған іс-шаралар жоспарын іске асыру үшін барлық өңірлерде белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын ашу көзделген. Олар қазірдің өзінде әлеуметтік тапсырыс аясында 7 өңірде ашылып, жұмыс істеп жатыр. Орталықтар «Бір терезе» қағидатымен белсенді ұзақ өмір сүру, денсаулық мәдениеті және жұртшылықпен байланыс сияқты үш бағыт бойынша жұмыс істейді. Орталықтардың қызметі қарт адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, оның ішінде бос уақытты жүйелі ұйымдастыруға бағытталған. Нәтижесінде, Орталықтардың қызметі егде жастағы белсенді азаматтар санын ұлғайтуға, егде жастағы азаматтардың өмір сүру сапасын, көңіл-күйін, денсаулығын және психоэмоционалдық жағдайын жақсартуға, «Мұқтаждық картасы» бірыңғай дерекқорын құруға, цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталатын болады», - деп атап өтті ведомство өкілі.

«Белсенді ұзақ өмір» бастамасы аясында Министрлік «Қамқорлық» қорымен бірлесіп, еліміздің 17 өңірінде жұмыс істеп тұрған коммуналдық мекемелер базасында осы сияқты орталықтар құруды жоспарлап отыр. Басты міндет – қарт азаматтарды күндіз арнайы әлеуметтік қызмет түрлерімен барынша қамтуды қамтамасыз ету.