«Биыл біз сақтандыру қаражаты түсімдерінің болжамын 150 млрд. теңгеге ұлғайтамыз. Бұл ақшаны қайда жұмсау маңызды? Пациент медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасасқан кез келген клиникада, оның қай жерде орналасқанына және меншік нысанына қарамастан, сапалы медициналық көмек алуы тиіс. 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қор 1 363 медициналық қызмет жеткізушімен шарт жасалды, оның ішінде 688-і жеке меншікті клиникалар, өткен жылы олардың саны 635 болды. Халыққа медициналық қызмет көрсету үшін тартылатын жеке меншік жеткізушілердің өсу үрдісі сақталуда. Бұл пациенттің ең жақсы клиниканы таңдау мүмкіндігі. Медициналық қызметтерді жеткізушілердің тізімі Қордың Fms.kz сайтында жарияланған», - деп атап өтті Болат Төкежанов. 


Өңірлік бөліністе жеке меншік жеткізушілердің ең жоғары үлесі Шымкент, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында: тиісінше 72%, 66% және 55%. Қостанай (30%), Ақмола (30%) облыстарында және БҚО (22%) төмен көрсеткіштер. 


2021 жылы Қор амбулаториялық-емханалық және стационарды алмастыратын көмекті, ауылдық денсаулық сақтауды, қашықтықтан көрсетілетін медициналық көмекті, профилактикалық тексерулерді, мейірбикелік көмекті және патронаждық қызметті қаржыландыруды ұлғайтады. 


«Профилактикалық медицинаға, балалар денсаулығын сақтауға, мектеп медицинасына, онкогематологияға ерекше назар аударылатын болады. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды медициналық оңалту - ЭКО және «Қамқорлық» квоталарын ұлғайту бойынша «Аңсаған сәби» бағдарламаларын іске асыру Қор тарапынан толық қаржыландырылады. Сонымен қатар, антенаталды бақылауды жүргізуге 29,7 млрд. тенге қосымша бөлінген, 0-5 жас аралығындағы балаларды профилактикалық тексеруді жүргізуге – 12 млрд. теңге, сондай - ақ мектеп медицинасын дамытуға - 22,5 млрд. теңге бөлінді», - деп атап өтті Болат Төкежанов.


Ауылдық жерлерде медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру үшін өткен жылы 100 жылжымалы медициналық кешен сатып алынды, биылғы жылы барлық ауыл тұрғындарына 149 ЖМК қызмет көрсетеді, олардың ішінде бейінді мамандардың консультацияларын алуға, скринингтерді қоса алғанда, диагностикадан өтуге, зертханалық талдаулар тапсыруға, вакцинация жасауға, ауруханаға жатқызуға жолдама алуға және медициналық көмектің бірқатар басқа да түрлерін алуға болады. Бірінші тоқсанда «жылжымалы емханалар» деп аталатын мобильді медициналық кешендер арқылы ауыл тұрғындарына 231,9 млн.теңгеге 120 мың медициналық қызмет көрсетілді.


Болат Төкежановтың айтуынша, мақсатты топтағы пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. 2021 жылы амбулаториялық дәрі – дәрмекпен қамтамасыз етуге 152,4 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде ТМККК шеңберінде – 122,3 млрд. теңге, МӘМС-30,1 млрд. теңге. 


Қор қажетті дәрі-дәрмек сатып алудағы кідірістерге жол бермеу үшін алдын ала аванстық төлемдер түрінде дәрі-дәрмектерді сатып алуға қаражат бағыттайтыны туралы айта кеткен жөн.