«Мемлекет басшысы атап өткендей, учаскелік полиция инспекторы азаматтар үшін танымал, қолжетімді, беделді болуға, олардың құқықтарын белсенді қорғауға тиіс. Биыл учаскелік инспекторға полиция атынан жеке және заңды тұлғаларға құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы ұйғарым енгізу және олардың орындалуын талап ету құқығы беріледі. Оның әкімшілік жаза қолдану жөніндегі өкілеттіктері кеңейтілуде. Әкімшілік бұзушылықтардың 47 құрамы бойынша қолда бар құзыреттерден басқа, тағы бірқатар құрамды дербес қарау құқығын қосымша беру жоспарланған», - деп атап өтті генерал-майор.


Бұл тізімде кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуы; темекі өнімдерін тұтынуға тыйым салуды бұзу; әкімшілік қадағалауды бұзу; көлік құралдарының қозғалысына кедергі жасау да бар.


Осы қызметтің ажырамас бөлігі ретінде учаскелік инспектордың көмекшісі мәртебесі заңмен бекітілді. Қазір көмекші қылмыстық тергеу бойынша іс жүргізу шешімдерін және әкімшілік материалдар бойынша негізгі шешімдерді қоспағанда, учаскелік полицияның барлық дерлік өкілеттіктеріне ие.


«Заңнамалық түзетулерді қабылдау учаскелік инспекторлар жұмысының тиімділігін едәуір арттыруға, оларды екінші дәрежелі жұмыстан босатуға және негізгі міндеттерді, бірінші кезекте халықпен жұмыс істеуге шоғырландыруға мүмкіндік береді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және «Ішкі істер органдары туралы» заңға енгізілетін тиісті түзетулер Парламенттің қарауына ұсынылды. Оларды ағымдағы сессияда қабылдау жоспарланып отыр», - деп атап өтті Баймұқашев.