Учаскелік полиция инспекторлары институты – ішкі істер органдары жүйесіндегі ең көпфункционалды институт. Олар азаматтардың құқықтарын қорғау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, құқықтық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көші-қон, қоршаған ортаны қорғау, аумақтарды абаттандыру және басқа да мәселелерге қатысады. Сондай-ақ қылмыстың 12 құрамы бойынша, оның ішінде есірткіні заңсыз пайдалану, жануарларға қатыгездік таныту, заңсыз аң аулау және ағаштарды жою бойынша қылмыстық іс жүргізеді. Учаскелік инспекторлар әкімшілік құқық бұзушылықтың 47 құрамын өз бетінше қарайды және жаза қолданады.


«Жалпы, учаскелік полиция - бұл құқық бұзушылықтың алдын алудың жалпы жүйесіндегі негізгі буын. Тек олар ғана тұрақты негізде халықпен жеке байланыста болады, ал кейбір ауылдарда учаскелік полиция қызметкері – құқық қорғау органдарының жалғыз өкілі. Бұл жерде ол заңдылық пен ауыл тұрғындарының тыныштығының кепілі болып табылады, оларды қылмыстық қол сұғушылықтан қорғауды қамтамасыз етеді», - деді комитет басшысы.


Учаскелік полицейлер есепте тұрған азаматтар мен пробацияда жүрген тұлғаларға бақылау жасайды. Нашақор және бұрын сотталған азаматтардың тәртібін қадағалайды. Қазіргі кезде полиция есебінде осындай 100 мыңға жуық азамат тұр.