«Сондықтан өзекті және жұмысқа қабілетті нормативтік-құқықтық негізсіз қазіргі заманғы әлемдік ақпараттық кеңістіктен тыс қалу қаупі бар екені анық. Осыған байланысты біз кейбір алдын алу шараларын қабылдадық. Біріншіден, 2020 жылғы 30 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды, ол мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың тиімділігін ғана емес, сонымен қатар БАҚ-тың коммерциялық мүмкіндіктерін де арттыруға жағдай жасайды.
Екіншіден, саланың жүйелі проблемаларын, оның ішінде «Бұқаралық коммуникация құралдары туралы» Заңды жетілдіру жолымен шешу жөніндегі шаралар кешенін көздейтін ақпарат саласын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған Ұлттық жоспары бекітілді.
Үшіншіден, саланың кадрлық әлеуетінің кәсіби деңгейін арттыру саласында жүйелі жұмыс басталды. «2020-2021 жылдарға арналған медиа сала мамандарын оқыту жөніндегі арнайы жоспар» әзірленді. Ең алдымен, бұл салалық журналистикаға қатысты», - деді А.Балаева.
Еліміздің басты ақпараттық ресурстарын оңтайландыру мен жаңғыртуға тікелей әсер еткен жаңалықтар туралы айта келе, министр еліміздің ірі басылымдары «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» бірлестігін атап өтті. Оның айтуынша, 2020 жылдың соңына дейін мемлекеттік баспа басылымдары «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ мен «Қазақ газеттері» ЖШС біріктіріп, «Қазақ газеттері» бірыңғай брендімен жұмыс істейтін болады. Бұл шаралар мемлекеттік баспа басылымдарына жаңа бірлескен жобаларды бірлесіп іске асыруға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, ағымдағы жылдың маңызды оқиғасы «Қазақ радиосының» ғасырлық мерейтойы болмақ, оның құрметіне еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында аудитория ашу және Орынбор қаласында ескерткіш тақта орнату көзделген.
«Ең бастысы – 2021 жылдың соңына дейін шекара маңындағы аймақтарда 107 радиотаратқыштар орнатылады, бұл «Qazaq radiosy» және «Шалқар» радиосының хабар таратуын қамтамасыз етеді. Нәтижесінде 630 мыңнан астам адам тұратын Түркістан, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарының шекара маңындағы аумақтарының 400-ден астам ауылы отандық радиоарналардың хабарларын тыңдау мүмкіндігіне ие болады. Ал жалпы, Жол картасын іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай радиобағдарламалармен шекара маңындағы өңірлерде тұратын халықтың 95%-на дейін қамтылатын болады», - деді Балаева.