«Адам саудасына қарсы күрес біздің басты назарымызда. Мемлекет басшысы өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында осы мәселе бойынша халықаралық қоғамдастықтың біздің республикамызды бағалауына алаңдаушылық білдірді. Адам саудасына байланысты 68 қылмыс тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Жоғары жасырындылықты түсіне отырып, біз полиция назарын адамдар трафигі үшін «қолайлы» жерлерде рейдтік іс-шараларды жандандыруға аударамыз. Бұл негізінен жезөкшелікпен айналысуға арналған орындар. Бұдан басқа, шалғай орналасқан шаруашылықтар, жайылымдық жерлер, қыстаулар назардан тыс қалмайды», - деп мәлімдеді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Бас прокуратурасының қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев.


Сондай-ақ, ол адам саудасына қарсы тұруда азаматтардың қырағылығы маңызды рөл атқаратынын жеткізді. Қаскүнемдер жастарды шетелде жоғары ақы төленетін жұмысқа орналастыру туралы уәделермен азғыратын жағдайлар болады. Нәтижесінде олар шет елде тұзаққа түседі.


Шалабаев бұл мәселені көлеңкеден шығару үшін Үкіметтің арнайы жоспарымен жұмыстар жүргізіліп жатқанына сендірді. Халықаралық қоғамдастықпен және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жолға қойылған.