«Мемлекет басшысы көктемгі егіс жұмыстарын толық көлемде және тиімді мерзімде жүргізуге жағдай жасауды қамтамасыз ету міндетін қойған болатын. Бұл тапсырманы орындау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі барлық шараларды қабылдады. Біз фермерлермен үнемі байланыста болып, қолдау көрсетіп келеміз. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тұқыммен, өсімдіктерді қорғау құралдарымен және минералды тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілді», - деді спикер. 


Атап айтқанда, жарты миллион тонна минералды тыңайтқышты тиеп, жөнелтуге шарт жасалды. Бүгінгі таңда фермерлерге 400 мың тоннаға жуық жүк жеткізілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40 мың тоннаға көп.


«Аммиак селитрасын оңтүстік өңірлерге жөнелту бойынша проблемалар болды, бірақ министрлік бұл мәселені шешті. Мамыр айының басынан бастап күн сайын оңтүстікке жөнелту жүргізіледі. Барлық өндірілген көлем тек ішкі нарықта сатылады. Бірақ фермерлерге егіс науқаны кезінде проблемалар болмас үшін алдын ала күзде отандық зауыттармен арзан тыңайтқыштар сатып алу үшін келісімшарт жасасуды ұсынамыз», - деді бірінші вице-министр.


Сондай-ақ, фермерлердің өтініштерін ескере отырып және тыңайтқыш себу көлемін төмендетіп алмау үшін министрлік 2023 жылға дейін агрохимиялық картограммалар ұсыну жөніндегі талаптың қолданылуын тоқтатты. Бірақ топырақты міндетті түрде агрохимиялық тұрғыдан зерттеу жөніндегі талап ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану қағидалары аясында қарастырылатын болады.


Сондай-ақ, аграршылар өсімдіктерді қорғау құралдарымен қамтамасыз етілген, пестицидтерді субсидиялауға өтінімдер қабылдануда.