Оның айтуынша, полиция тәуекел топтағы кәмелетке толмағандармен жеке жұмыс жүргізуде. Ондай 5 мыңнан астам адам және 7 мың қолайсыз отбасы есепте тұр.


«Жыл басынан бері 2 мыңнан астам ата-ана балаларын тәрбиелеуден жалтарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, полицияның өтініші бойынша тағы 300-ге жуығы сот шешімімен ата-ана құқығынан айырылды. Айта кетейін, жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз тұрғынжайдан тыс жүргені немесе ойын-сауық орындарында болғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленген. Мұндай бұзушылықтар үшін мекеме иелері мен кәмелетке толмағандардың ата-аналары жазаланады», - деді ІІМ өкілі.


Баптар бойынша ата–аналарға – ескерту жасау, кәсіпкерлік субъектілерге 9 мың теңге мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған. Құқық бұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл 21 мың теңгеге дейін артады.


«Жыл басынан бері мұндай іс-әрекеттер үшін 29 мыңнан астам ата-ана мен ойын-сауық мекемелерінің 500-ге жуық иесі жауапқа тартылды. Сонымен қатар, 1,5 мыңға жуық жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына орналастырылды. Полиция жасөспірімдерге алкоголь мен темекі өнімдерін заңсыз сату фактілерін анықтау бағытында жұмыстар жүргізуде», - деп толықтырды полковник.