Бағдат Мусин «speedtest»-тің қорытындысы бойынша соңғы бір айда Қазақстан басқа мемлекеттерге қарағанда он сатыға көтерілгенін атап өтті. 


«Интернеттің сапасы мүлдем төмен деп айту қиын, оның сапасы артып келеді. Пандемия олқылықтарды көрсетті, бүгінде олар жойылуда. Шалғай елді мекендерде итернет сапасы нашар, тіпті, жоқ екенін де білеміз. Бұған қатысты тиісті жоспарлар бар. Мысалы, 510 елді мекенде интернет сапасын көтеру бойынша жұмыстар қолға алынды. Тиісті операторлармен келісімшарт жасалып, 86 елді мекенге жаңадан құрылғылар орнатылды. Сондай-ақ, интернет мүлдем болмаған 1200 ауыл интернетпен спутник арқылы қамтамасыз етілмек. Ол үшін «OneWeb» және «Starlink» компанияларымен ынтымақтастық орнатып, серіктес ретінде қызмет көрсететін кәсіпорындар ашу көзделген», - деді министр өз жауабында.


Сонымен қатар, ведомство басшысы бұл салада бәсеке барын атап өтті. Елімізде, «Қазақтелеком», «Транстелеком», «Қазтранском» және т.б. мекемелер өз қызметтерін көрсетуде. Ал мобильдік интернет тарифтері әлемдік рейтингте ең арзандардың бірі болып табылады.