Ынтымақты зейнетақылардың төмендейтін мөлшері міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылатын жинақтаушы зейнетақының өсіп келе жатқан мөлшерімен (зейнетақы жарналарын аудару кезеңі мен мөлшері неғұрлым көп болса, оның мөлшері де соғұрлым жоғары болады) өтелуге тиіс. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингтің қорытындысы бойынша қолданыстағы жүйенің ерекшеліктерін түсіндірді.


Оның айтуынша, базалық зейнетақы, зейнетақы жасына жеткен барлық тұлғаларға зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты (1998 жылға дейін де, осы күннен кейін де) ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54% - дан 100% - ға дейінгі мөлшерде беріледі. Яғни, адам неғұрлым ұзақ жұмыс істесе, базалық зейнетақы мөлшері де соғұрлым жоғары болады.


«Қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесі кезінде зейнеткерлікке ерте шығуға байланысты зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңін қысқарту қарттықта барабар зейнетақы төлемдерін алу үшін зейнетақы жинақтарының жеткілікті көлемін қалыптастыруға мүмкіндік бермейді. Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысудың ұзаққа созылмауына байланысты жинақтаушы және базалық зейнетақы мөлшері едәуір төмендейтіні, ал 40 жасқа толған және одан кіші адамдардың ортақ зейнетақыға құқығы болмайтыны анық. Осыған байланысты, қазіргі уақытта зейнетақы жасын қайта қарау туралы мәселе қаралмайды. Қалыптасқан экономикалық жағдайды және еңбек нарығындағы жағдайды ескере отырып, азаматтардың жұмыспен қамтылған халыққа арақатынасы өсіп келе жатқанын атап өткен жөн. Егер 2010 жылы бір зейнеткерге есептегенде орта есеппен 4,8 жұмыс істейтін адамнан келсе, 2015 жылы бұл көрсеткіш – 4,3, ал 2019 жылы – 3,9 құрайды. Халықаралық тәжірибеге шолу қазіргі уақытта қарт адамдардың үлесін ұлғайтудың тұрақты үрдісі байқалып отырғанын көрсетті», - деп атап өтті шенеунік.


Ресми деректер бойынша орта есеппен 65 жастан асқан адамдар үлесі 10%-дан артық ұлғаяды деп күтілуде (2000 жылғы 14,3% - дан 2040 жылы 25,7% - ға дейін), бұл өз кезегінде зейнетақы жүйелерінің тұрақтылығына әсер етеді.


Қазіргі уақытта зейнетақы жасы көптеген елдерде өсуде. Мысалы, Ресейде 2019 жылдан бастап 2028 жылға дейін ерлер мен әйелдердің зейнеткерлік жасы біртіндеп 5 жылға артып келеді. 2017 жылы Әзірбайжанның зейнетақы заңнамасына түзетулер енгізілді - ерлер мен әйелдер үшін зейнетақы жасы біртіндеп 60 жастан 65 жасқа дейін ұлғаяды. Грузияда ерлер үшін зейнеткерлік жас 65 жасты, әйелдер үшін – 60 жасты құрайды. Латвияда ерлер мен әйелдердің зейнеткерлік жасы 2014-2025 жылдар аралығында біртіндеп 62-ден 65 жасқа жетеді. 


Қазақстандағы зейнетақы жасы халықаралық тәжірибеге және әлемдегі қалыптасып отырған экономикалық және демографиялық жағдайға сәйкес келеді.