«Екі жылдың ішінде олимпиада 400 мыңнан астам баланы қамтыды. Олардың барлығы ауыл мектептерінде оқитын 5-6 сынып оқушылары. Бүгінде өткен жылғы жеңімпаздардың 300-ге жуығы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде оқып жатыр. Мектеп директорларымен үнемі байланыста болып, олардың оқу үлгерімі жоғары екендігіне көзіміз жетті. Олимпиаданың негізгі үш ұстанымы бар: қолжетімділік, ашықтық және инклюзивтілік. Кез келген ауыл баласына қолжетімді болу мақсатында олимпиадаға тіркеу және тестілеу онлайн өтті. Барлығы қалыс қалмай құлағдар болу үшін Елбасы Академиясының ютуб парақшасында вебинарларды тікелей эфирде өткізіп, Олимпиадаға тіркеу және қатысу жөнінде барлық нұсқаулықтар берілді», - деді Ә.Жанғозин.  


Биылғы олимпиадаға 4 мыңнан астам ауыл мектептерінде оқитын 5-6 сыныптарының 150 мыңға жуық оқушысы тіркелді. I кезеңде оқушылар үйде отырып-ақ тестті тапсырды. Ал интернет жылдамдығы төмен болғандарға мектепке барып тапсыруға мүмкіндік берілді. Деректерге сүйенсек, планшет пен компьютер арқылы тапсырғандар – 29%, ұялы телефон арқылы 75% тесті тапсырған. Сонда басым көпшілігі ұялы телефон арқылы қатысты. Екінші кезең өңірлік тестілеу орталықтарында ұйымдастырылды.