«Қазіргі таңда Экология министрлігі құжаттарды дайындады, жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірлену үстінде. Үкіметпен келісім бар, күз айына дейін аяқтау жоспарланған. Содан кейін бюджетті нақтылау жөнінде үкіметке ұсыныс береміз. Биыл бастап, келесі жылы су қоймаларының құрылысын аяқтау жоспарланған. Сол кезде көрші мемлекеттен тәуелсіз боламыз», - деді облыс басшысы.  

 

 
Оның айтуынша, соңғы үш жылда 59 мың га суармалы жер қалпына келтіріліп, көлемі 180 мың га құрады. Оған 1,8 млрд текше м су керек. Бүгінде оның 80% келісімшарт бойынша көрші қырғыз мемлекетінен алынады. Бірақ қазіргі кезде келісілген су көлемінің 40 % ғана беріліп отыр. Осыған орай жұмыстар жүргізілуде.  


Бұдан бөлек, су тапшылығына байланысты өңірдің басқа да мүмкіндіктері, резервтер пайдаланылады. Осы мақсатта жаңа технологияларды енгізу, яғни тамшылап суаруды, жер асты суларын пайдалануды енгізу көзделген. Облыста 600-ге жуық скважина бар. Қазіргі кезде Ахмет Сафин атындағы ҒЗИ-мен оларды зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.  Биыл 20-дан астам скважина іске қосылды. Сонымен қатар, қыс, күз, көктемде тоғандарды, көлдерді суға толтырып алу және бұлақтың суын пайдалану жоспарланып отыр.