«Жыл басында мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі бекітілді. Осыған байланысты мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобаларға көшу жөніндегі кешенді жұмыс жүргізілуде. Ұлттық жобалар нақты міндеттерді, нысаналы индикаторлар мен шараларды қамтитын болады. Олардың барлығы бюджеттен де, жеке ресурстардан да қажетті қаржыландырумен қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік қолдау шараларына келетін болсақ, біз қазір талдау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, ол ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін аяқталады. Оның аясында мемлекеттің қолдау шараларынан кезең-кезеңімен шығу стратегиясы анықталады. Бірақ бұл эпидемиологиялық жағдайға, халықты вакцинациялау қарқынына тікелей байланысты болады. Жұмыс Үкіметтегі, Ұлттық банктегі, қаржылық реттеу және қадағалау агенттігіндегі әріптестерімізбен бірлесіп жүргізілуде. Күзге қарай нақты көзқарас пен жоспар болады деп ойлаймын», - деп сендірді спикер. 


Ол сондай-ақ қазіргі жағдайда шығыстар режимінде жұмыс істейтін Ұлттық қордан берілетін трансферттерді қысқарту жөніндегі алдағы жоспарлар туралы баяндады. 


«Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттер кезең-кезеңімен төмендетілетін болады. 2021 жылдың өзінде кепілдендірілген трансфертті 2,7 трлн теңгеге дейін, 2022 жылы 2,4 трлн теңгеге дейін, 2023 жылы 2,2 трлн теңгеге дейін қысқарту көзделген. Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кепілдендірілген трансферттер биылғы жылдан бастап мақсатты сипатқа ие, яғни олар тек әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму мәселелеріне ғана бағытталады. Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап контрциклдік баспа ережесі іске асырылады, ол мұнай бағасы жоғары болған кезде Ұлттық қорда үлкен қаражатты үнемдеуге және баға төмен деңгейде болған кезде оны теңгерімдеу үшін бюджетке жіберуге мүмкіндік береді», - деп түсіндірді Ұлттық экономика министрлігінің басшысы.