Оның айтуынша, Алматыда 2025 жылға дейінгі цифрландыру стратегиясы және қаланың бірыңғай ІТ-архитектурасы, қаладағы барлық ІТ-компаниялардың тізімі жасалды. Болашақта Big data және жасанды интеллект арқылы қала ұтымды басқаруға көшеді. 


«Қазірдің өзінде Алматыда креативті индустрияда 50 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Мұнда 4 мыңнан астам кәсіпкер мен 3,5 мыңнан аса компания тіркелген. Елдің креативті бизнесінің жартысынан астамы Алматы қаласына тиесілі. Жұмыстар жалғасын табатын 10 бағыт анықталды. «Алатау» креативті хабы жұмыс жасауда, мұнда күн сайын 700 адамға дейін шығармашылықпен айналысады. Биыл дәл осындай нысанды қаланың Медеу ауданында ашу жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін Depo Evolution Park бұрынғы трамвай паркінің базасында салынады. Сондай-ақ, Сейфуллиндегі бұрынғы тергеу изоляторының ғимараттар кешені негізінде креативті индустрия паркіне конкурс жариялаймыз», - деді әкім. 


Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Алматының креативті экономиканы дамыту тәжірибесі бүкіл елге тарайтын болады. Қаланы дамытудың перспективалы бағыттарының бірі туризм болып табылады. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында ғана салаға тартылған инвестиция көлемі шамамен 30 млрд теңгені құрады. Бүгінде мыңдаған шақырым жаяу тау соқпақтары цифрландырылды және ұзындығы 500 км дейінгі соқпақ абаттандырылды. Қосымша 172 км тау бағыттары абаттандырылып, 4 кемпингтік аймақ пен 3 глэмпингтік аймақ құрылуда. 


Биыл Алматының таулы аймақтарында тікұшақ алаңын жасау, 2 бақылау-құтқару пунктін ұйымдастыру жоспарлануда әрі 16 құтқарушы тәулік бойы кезекшілік ететін болады. Сондай-ақ, құтқарушылар пультіне «SOS» спутниктік сигналын беру мүмкіндігі бар шалғай учаскелерде 15 лашық үй салуды жоспарлап отырмыз. 


«Қазақтелекоммен» бірге таулардағы «көрінбейтін» аймақтарды ұялы байланыспен қамту бойынша жоба әзірленуде. Туристердің хабардарлығын арттыру үшін 10 интерактивті терминал орнатылады.