«Білім және ғылым министрлігі жыл сайын еліміздің жоғары оқу орындарында жоғары білім алу үшін 50 мыңнан астам грант бөледі. Бұл ретте Қазақстан азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар да мемлекеттік гранттар конкурсына қатыса алуы үшін жақсы жағдайлар жасалуда. Грант алу үшін ҰБТ тапсыру қажет. Кейбір тапсырмалар еліміздің мектеп пәндерінен алынған. Мысалы, Қазақстан тарихы немесе Қазақстан географиясы. Осыған байланысты, БҒМ Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін 4% квота бөледі. Бірақ көптеген адамдар өту үшін қажетті ұпайын жинай алмаймын деп қорқады. Сондықтан, Айғазы Құсайынов бастаған халықаралық білім беру корпорациясының Бақылау кеңесі 20 ішкі грант бөлді. «Отанға барар жол» байқауының жеңімпаздары біздің есебімізден оқығанын қалаймыз», - деп хабарлады жоғары оқу орнының бірінші проректоры. 


Байқау бірнеше кезеңнен тұрады және онлайн форматта өтеді. Негізгі кезеңде қатысушылар әлеуметтік желіде жарияланатын «Қазақ халқының тарихындағы көрнекті тұлғалар» және «Мен неге Халықаралық білім беру корпорациясына түскім келеді?» тақырыптарында бейне-эссе дайындауы тиіс. Байқау қорытындысы 18 шілдеде шығарылады, ал 25 шілдеге дейін профессорлар финалистермен сұхбаттасады. Финалда қатысушылар онлайн-әңгімелесуден өтеді. Байқау жеңімпаздары Халықаралық білім беру корпорациясында – ҚазБСҚА және ҚАУ жоғары оқу орындарында оқуға 20 ішкі грант алады. 


Халықаралық білім беру корпорациясы Қазақстанның жоғары оқу орындарын үлгі алуға және бастамаға қосылуға шақырды. 


«Болашақта, егер 129 ЖОО-ның әрқайсысы 1 гранттан бөлсе, сәйкесінше 129 талапкер өз отбасыларымен бірге туған жерінде өз болашағын табуға мүмкіндік алады. Дәл осындай қадамдар егеменді Қазақстанда қазақ халқының ұлттық жаңғыруына алып келеді», - деп атап өтті Халықаралық білім беру корпорациясының бірінші проректоры Қайыржан Меңдіғалиев. 


Ресейде дүниеге келген ол да қазақстандық жоғары оқу орнын грантпен бітірген, ал 14 жыл бұрын тарихи Отанына оралып, отбасын құрып, мансап құрған.