Енді әкімшілік орган адамға оның ісін қарау барысында түсініктеме жіберуге міндетті болады, ал азамат түсініктеме беруге және қажетті қосымша құжаттарды ұсынуға мүмкіндік алады. 


«Мысалы, азаматтың тыңдалу кепілдігі әкімшілік Әділет моделінің негізін қалаушы институт болып табылады. Әкімшілік органның немесе лауазымды тұлғаның әкімшілік рәсімде алдын ала қолайсыз шешім бойынша өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік беруі тыңдау деп танылады. Азаматтың ұстанымы уәкілетті орган үшін қосымша ақпарат көзі бола алады және болады, қолайсыз шешім қабылдау тәуекелін азайтады, бұл өз кезегінде сотқа дейінгі реттеу рәсімінде де, сот тәртібімен де мүмкін болатын шығыстарды болдырмауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, азаматтар үшін лауазымды тұлғаға оның әділдігі мен объективтілігіне қандай да бір күмән болған кезде қарсылық білдіру құқығы белгіленеді, мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын мәліметтерді қоспағанда, өкіл жалдауға және материалдармен танысуға құқығы бар. Азаматтар үшін қолайлы құқықтық шешімдердің күшін жоюдың ерекше тәртібі енгізіледі. Мысалы, азаматқа әлеуметтік көмек төленді. Кейінірек тексеру барысында оның дұрыс мөлшерде төленбегені анықталды, қате шешім қабылданды. «Сенімді қорғау құқығы» қағидатын ескере отырып, уәкілетті орган адал азаматтан жұмсалған қаражаттың орнын толтыруды талап ете алмайды, өйткені бұған оның кінәсі жоқ. Мемлекеттік орган өз кемшіліктерін өз бетінше жоюға міндетті», - деді вице-министр жаңа кодекстің басты қағидаттарына мысал келтіре отырып.

 
Сондай-ақ, заңды және негізделген шешімдер фильтрі ретінде сотқа дейінгі шағымдану қарастырылған. Даулардың жекелеген санаттарын қоспағанда, сотқа дейінгі міндетті шағым жасау көзделеді. Бүгінде мемлекеттік органдар оны тәжірибеге енгізді. Шағымды қарау бойынша іс жүргізу жеделдетілген тәртіппен - 20 жұмыс күніне дейін жүргізілетін болады. Бұл институт уақытты үнемдеуге, сот шығындарын болдырмауға жол ашады. Сотқа дейінгі шағымданудың қосымша артықшылығы - әкімшілік органның шешімнің орындылығы мен заңдылығын тексеру, сондай-ақ жіберілген қателерді түзету мүмкіндігі.