«Жалпы 2019 жылы осы жоба аясында шетелден 600 бала Қазақстанға жазғы лагерьлерге келді. Олар екі аптаның ішінде домбырада ойнауды үйреніп, қазақ тілін меңгерді, туған жерін, ата-жұртын көрді. Ал 2020-2021 жылдары пандемияға байланысты бұл жоба уақытша тоқтатылды. Дегенмен, жоба алдағы уақытта жалғасын табады деп үміттенеміз», - деді спикер.  


Сонымен қатар, шетелдегі қандас талапкерлерге арнайы мемлекеттік гранттар бөліне бастады. Бұрын бұл көрсеткіш 2% болса, қазір 4% дейін артты.  

 
«Соңғы 3 оқу жылында дайындық бөліміне 3500 грант бөлінді. Оның 90% игерілді. 2020 жылы пандемияға байланысты Қоғамның тікелей ұсынысы және Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен шетелдегі отандастарымызға ҰБТ-ны онлайн тапсыру мүмкіндігі берілді. Бұл тарихта алғаш рет болған жайт. 2021 жылы да сол тәжірибеге сүйеніп, олар үшін ҰБТ онлайн форматта ұйымдастырылды. Мемлекеттік квота аясында соңғы 5 жылда 3645 талапкер ҰБТ-дан қажетті балды жинап, ЖОО-ға түсті», - деді Сарбасов.  


Оның айтуынша, барлық шетелдік студенттерге яғни қандастарға жатақхана міндетті түрде беріледі. Сондай-ақ ЖОО-ға түсе алмаған қандас талапкер колледжге түсу үшін құжаттар тапсыра алады. Колледжде оқу үшін де мемлекет тарапынан 4% квота қарастырылған. 2020 жылы 540 адам грант иегері атанды.