Бүгінгі таңда COVID-19 пандемиясы әсерінен орын алған өзгерістерді ескере отырып, жүктерді «Есіктен есікке дейін» шартымен жеткізу тасымалдауды ұйымдастыруда маңызды тармаққа айналды. Жоғарыда көрсетілген шарттар бойынша жүктерді жеткізудің ең тиімді тәсілдерінің бірі контейнерлік тасымалдау болып табылады. 2013 жылы Қытай «Бір белдеу, бір жол» бастамасын жариялағаннан кейін өзекті болған контейнерлік ағындар үшін күрес үрдісі жыл сайынғы өсімді көрсететін трансконтиненталдық тасымалдардың дамуына өз үлесін қосты. 


Ведомство өкілінің айтуынша, осыған байланысты соңғы жылдары транзиттік контейнерлік жүктер ағыны үшін күрес күшейтіліп, транзиттік дәліздердің тартымдылығын арттыру бойынша шаралар қабылдануда. 


«Бұл мәселеде Қытай мен Азия-Тынық мұхиты аймағы елдері негізгі жүк үдеткіші болып табылады. Әлемдік үрдістерді ескере отырып, министрлік пен теміржол саласының алдына қойылған басым міндеттердің бірі елдің транзиттік әлеуетін дамыту болып табылады. 
Біздің еліміздің географиялық орналасуы Еуропалық Одақ елдері мен Азия-Тынық мұхиты өңірі арасындағы жүк ағындарына бірегей транзиттік мүмкіндіктер береді. Қазақстанның транзиттік хабқа айналуы бірқатар жобаларды іске асырумен қатар жүрді, соның ішінде Орталық өңірлерді Батыспен (Жезқазған - Бейнеу) байланыстыру, Алматы – Шу учаскесінің өткізу қабілетін арттыру (Алматы – Шу екінші жолдары), қажетті порт және терминал инфрақұрылымын құру (Ақтау, Құрық порттары, «Қорғас» құрғақ порты, КЛО және Боржақты – Ерсай). Өз кезегінде, жоғарыда аталған жобаларды іске асырудың нәтижесінде транзиттік тасымалдардың қазіргі көлемі 2016 жылғы көрсеткіштен 3,6 есе асады. 2020 жылғы дағдарыста транзиттік қатынастағы контейнерлік тасымалдар 876 мың ЖФЭ құрады, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 32%-ға артық», - деді спикер. 


І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша барлық қатынастарды ескере отырып, контейнерлік жүктерді темір жол көлігімен тасымалдау көлемі 800 мыңнан астам ЖФЭ құрады. Өсім - 36%. Оның ішінде транзиттік контейнерлік тасымалдар 44%-ға ұлғайып, 530 мыңнан астам ЖФЭ құрады. Жыл соңына дейінгі жоспар – 1 млн ЖФЭ. 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 1,6 млн ЖФЭ дейін жеткізу көзделген.