Бірінші кезеңде 15 маусым мен 30 шілде аралығында әлеуетті үміткерлер сайтта көрсетілген сілтеме бойынша, сондай-ақ Instagram және Facebook әлеуметтік желілеріндегі парақшаларға өтіп, тиісті өтінімді электрондық форматта бере алады. 


«Бүгінгі таңда 150-ден астам өтінім берілді. Біз кесте жасап, ҚМА-да іріктеу жүргізе бастадық. Шақырылғандардың деректері ресми сайттарымызда және әлеуметтік желілердегі парақшаларымызда орналастырылады. Кадр қызметкерлері әрбір адамға келесі кезеңнің өтетін күні туралы жеке хабарлайды». Бірінші аптаның өткенін ескере отырып, үміткерлерімізге, егер белгіленген күні дәлелді себептермен келе алмайтын болса, бұл туралы бізге хабарлауларын сұраймыз. Instagram-да ҚМА 3 эфир өткізді, онда кейбір мәселелер бойынша толық түсініктеме бердік, сондай-ақ, адамдар өз сұрақтарын төменде жазып, қалдырады, олар бойынша міндетті түрде кері байланыс болады. Белгіленген күні үміткерлер зияткерлік қабілеттері мен құзыреттіліктерін анықтауға арналған тест тапсырады. Бұл ретте біз оның интеллектісінің деңгейін ғана емес, талдаушы, техник, жедел қызметкер немесе тергеуші ретінде жұмыс істеуге деген әлеуетті бейімділігін де бағалай аламыз», - деді спикер. 


Келесі кезең – үміткерлердің өз ойларын сауатты, қисынды және дәйекті жеткізе білуін көрсететін эссе жазу. Қорытынды кезең - ұзақтығы 1,5 минуттан аспайтын мотивациялық видео дайындау. 


Бұл кандидаттың креативті және ерекше біліктілігін, сондай-ақ өз ойын қысқаша жеткізе білуін бағалауға мүмкіндік береді, соның ішінде, оның коммуникация дағдыларын көрсетеді. Айта кетейік, үміткерлердің құзыреттерін бағалау нәтижелері бойынша тізімнен ешкім шығарылмайды. Себебі түпкілікті шешім Агенттік басшылығы мен мүдделі қызметтер өкілдерінің қатысуымен өтетін әңгімелесуде қабылданады.