Токио олимпиадасында Игорь Сон және Зульфия Чиншанлоның жаттығу кезіндегі бір-екі мүмкіндігін төрешілер есепке алмаған. Бұл жағдайдың себебін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ауыр атлетикадан ҚР Мемлекеттік жаттықтырушысы Меңдіхан Тәпсірұлы түсіндіріп берді. 


«Ауыр атлетикада төрешілерге талап қатал болып кеткен. Екіншіден төрешілердің асыра сілтеушілігі байқалды. Сәл ғана теріс қозғалыстарын күрделендіріп спортшыларға өз мүмкіндіктерін толық шығаруға кедергі жасады деп айтуға болады. Бұл әсіресе Чиншанло жарысында байқалды. Бірінші мүмкіндіктерінде бірден алған салмақтарын есепке алмай спортшыларға психологиялық соққы жасады»,- дейді бас бапкер. 


Алайда спорт жанкүйерлері арасында Токио олимпиадасындағы ауыр атлетшілерге көрсетілген әділетсіздік 2016 жылы болған допинг дауына байланысты болуы мүмкін деген пікір қалыптасты. Жаттықтырушының айтуынша мұнда ешқандай саясат немесе спортшының жеке басына шағым болмаған. Бұған дейінгі допинг ережесінің бұзылғаны Токио төріндегі спортшыларға әсер етпеген. 


«Шын мәнінде допинг дауы толыққанды әділетті деп есептемейміз. Сегіз жыл бұрынғы натижелерді қайта көтеріп тұжырым жасағандары миға қонбайды. 2016 жылы Рио олимпиадасы алдында Қазақстан ауыр атлетика федерациясы тарапынан үлкен істер атқарылған болатын. Спортшыларға қатаң тиым салынып үлкен бақылауда болды. Соған байланысты ешқандай допинг ережесін бұзған жаңдайлар тіркелмеді». 

Дегенмен допинг дауынан кейін еліміз үшін біраз талаптар күшейтілген. Толық лицензияда 8 спортшы қатысуы керек болса, допинг ережесін бұзған мемлекеттер қатарында болғандықтан Токио ойындарына  екі ауыр атлетшіні ғана  қатыстыруға рұқсат берген.