Ұлттық құраманың Олимпиада ойындарындағы сәтсіздіктеріне талдау жасауға әлі ерте. Бұл туралы ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. Олимпиаданың соңына дейін уақыт бар. Нәтижесіз спорт түрлеріне келетін болсақ, бас жаттықтырушылардан жауап алынады. Бірақ кейінірек. 


«Мерзімінен бұрын қорытынды жасамайық. Басқа да спорт түрлері бар. Нашар нәтиже көрсеткен барлық спорт түрлерінен, әрине, бас жаттықтырушылардан сұрайтын боламыз. Біз ұлттық құраманы, олардың дайындығын бас жаттықтырушыларға толық тапсырамыз, олар еліміздің командасына жауапты. Бас бапкерлерден сұраймыз, қорытынды жасап, тиісті шешім қабылдаймыз», - деді ведомство өкілі. 


Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының бас бапкері Бақтияр Бәйсейітов барлық жауапкершілікті түсінеді. Ол талдауға дайын екенін, тіпті төрт жылдықтың басты жарыстарына қалай дайындалғанын да айтып берді. 


«Жұмыс жүргізіледі, талдау жасалады. Дайындық жағынан бәрі жақсы өтті деп айта аламын. 24-і күні келдік, акклиматизациядан өттік. Салмақ жоғалтқан алғашқы жігіт оны жақсы істеді. Жалғыз айтарым - ол нұсқауды орындамады. Шықпас бұрын, видеоны қарап шықтық, қырғыз балуанының тактикасына талдау жасадық. Біздің балуан күрес тілімен айтқанда, «оның дегенімен күресті». Бұл бірінші қателік болды. 15 секунд өткен жоқ, қарсыласы одан басым түсті. Бұл балуан солақай болған», - деп түсіндірді жағдайды бапкер.