Оның айтуынша, тиісті заңға енгізілген өзгертулер шеңберінде әлеуметтік жауапкершілік ұғымынан әлеуметтік бизнеске көшу, инклюзивті қоғамды дамытудың тағы бір қадамы болып табылады.  


«2021 жылдың 24 маусымында қабылданған заңға Парламент депутаттары бастамашылық жасаған болатын. Заңда алғаш рет қызметі қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған кәсіпкерлік субъектілеріне анықтама берілген. Заңға сәйкес, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі мәртебесін алу үшін кәсіпкер келесі шарттардың кем дегенде біреуін орындауы тиіс. Атап айтқанда, азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін кәсіпорын қызметкерлерінің жалпы санының кемінде 50% құрайтын жұмыс орындарын құру; халықтың осал топтарына арналған тауарларды өндіруге, оларды өткізуден түсетін табыс кәсіпорынның жалпы табысының кемінде 50% құрауы тиіс; әлеуметтік қызметтерді, сондай-ақ, денсаулық сақтау, білім беру және тәбиелеу, мәдениет және спорт саласында қызметтер көрсету», - деді Момбекова. 


Сонымен қатар, заңда халықтың әлеуметтік осал топтарының салалық тізбесі анықталған. Оған барлық топтағы мүгедектер, көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан еңбекке жарамды азаматтар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар, химиялық тәуелділіктен емделген азаматтар, зейнетақы және зейнеткерлік жас алдындағы адамдар және басқалары кіреді. Бұдан бөлек, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісін және осындай ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органдардың мәртебесін айқындау тәртібі қарастырылған.  


«Осы мақсатта әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін құру жоспарлануда. Онда бұл заңдылықты өңірлік комиссиялар анықтайды. Ал Ұлттық экономика министрлігі тізілімді әкімшілендірумен айналысады. Заңда сондай-ақ, әлеуметтік кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың нақты шаралары көзделген.мемлекеттік қолдау шаралары, инфрақұрылымды қамтамасыз етуді, грантты қаржыландыруды, кредиттер бойынша мөлшерлемелерді субсидиялауды, мүлікті қолдауды, салық жеңілдіктерін оқытуды, ақпараттық сүйемелдеуді, іскерлік әріптестерді іздеуге жәрдемдесуді көздейді. Заңда көзделген мүмкіндіктерді іске асыру ерекше қажеттіліктері бар адамдардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін және жаңа кедергісіз орта ұйымдастыру үшін медициналық техниканы, арнайы құралдар мен басқа да тауарларды өндіретін отандық кәсіпкерлерді қолдау мен ынталандыруға, инклюзивтік жұмысқа орналастыру, әлеуметтік оңалту, оқыту және қиын жағдайға тап болған азаматтардың осал санаттарының табысын арттыру бойынша мәселелерді шешуге бизнесті тартуға, кәсіпкерлік субъектілерін әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет саласында кең ауқымды қызметтер көрсетудің әртүрлілігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті спикер.