23 шілде мен 8 тамыз аралығында Токиода кезекті Олимпиада ойындары өтті. Оған әлемнің 206 елінен 11 324 спортшы қатысты. Спорттың 45 түрінен 339 жүлде сараптамаға салынды. Барлығы 93 ел медаль жеңіп алды, оның ішінде Қазақстан да бар. Ұлттық құрамаға 98 лицензия жеңіп алған 97 спортшы енді. Біздің спортшылар 85 медаль үшін таласты, бұл ретте Олимпиада ойындарының бағдарламасына алғаш рет каратэ, скейтбординг, серфинг, софтбол, спорттық құзға шығу енгізілді. Бұл пандемияға байланысты кейінге қалдырылған Олимпиада ойындары алғаш рет тақ жылы және стадиондарда көрермендерсіз өтті. 

Олимпиадағы жарыс нәтижесі бойынша спорттың 5 түрі бойынша 8 қола медальға қолжеткіздік. Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло ауыр атлетикада, Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов – бокс, Дархан Асадилов пен Софья Берульцева - каратэ, Елдос Сметов – дзюдо, Нұрислам Санаев – еркін күрес. Алтын және күміс медальдар жоқ. 


Қазақстандық спортшылардың жазғы Олимпиада ойындарына қатысу тарихында 1996-2021 жылдар аралығында 72 медаль, оның ішінде 15 алтын, 21 күміс, 36 қола медаль жеңіп алынды. 


«Алдағы аптада ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті республикалық федерациялармен, сондай-ақ мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, Олимпиада ойындарында Қазақстанның ұлттық құрама командаларының көрсеткен өнері мен даярлығының нәтижелеріне талдау жасау бойынша жұмыс жүргізеді. 10 қыркүйекке дейін спорт федерациялары Олимпиада ойындарына қатысу туралы егжей-тегжейлі есеп беріп, жарысты сәтті немесе сәтсіз өткізудің себептерін талдайды. Қыркүйек айының соңында біз Олимпиада ойындарындағы жарыстардың соңғы нәтижелерін шығарамыз, содан кейін қателіктер бойынша басқа жұмыстар және келесі Олимпиада цикліне дайындық басталады. Токиода жақсы команда болғанын бірден атап өткім келеді, нәтижелерге қарамастан, пандемия жағдайында ең қиын дайындық кезеңінен өткен әр спортшымызды мақтан тұтамыз. Оларға дейін мұндай жағдайға ешкім тап болған жоқ», - деп түйіндеді ҰОК Бас хатшысы.