Ресми мәліметтер бойынша, 26 тамызда сағат 18.45-те «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының инженерлік оқ-дәрілер базасында қоймалардың бірі өртенген. Өртті ауыздықтауға үш есептоптан тұратын әскери бөлімнің өрт сөндіру командалары дереу кірісті. Әскери бөлім бойынша кезекші бірден «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының басқармасы мен Байзақ ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің жедел кезекшісін хабардар етті. 
Өртті оқшаулауға бірінші кезеңде 500-ге жуық адам тартылды, содан кейін олардың саны көбейтілді, 31 әскери техника, 24 өрт сөндіру машинасы және ТЖМ жұмылдырылды. Өрт сөндірушілердің әрекеттеріне қарамастан, өрт шыққан соң бір сағат өткеннен кейін алғашқы жарылыстар болды. 

«Әр түрлі уақыт аралығымен салыстырмалы түрде қуаттылығы төмен 10-нан астам жарылыс болды. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы, әскери бөлім, Жамбыл облысының әкімдігі халық үшін ықтимал тәуекелдерді ескере отырып, барлық қажетті шараларды қабылдады. Айта кетейік, бұл базада тек инженерлік оқ-дәрілер ғана сақталған. Олардың бір бөлігі 2 жыл бұрын Арыс қаласынан шығарылған. Инженерлік оқ-дәрілер жарылыс кезінде алыс қашықтыққа ұшпайды, сол орнында жарылады. Негізгі зақымдайтын фактор жарылыс толқыны болуы мүмкін. Фрагменттердің таралу ауқымы тұрғысынан ең қауіпті оқ-дәрілер база аумағында аз болды. Жарылыс болған жағдайда фрагменттердің ұшу қашықтығы ең көп дегенде 3 км-ге дейін жетеді, бірақ адамдарды қорғау үшін 3 км радиуста орналасқан үш елді мекеннің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру туралы шешім қабылданды», - деді қорғаныс ведомствосының басшысы.