«Бірінші кезекте батыс пен шығыстың интеллектуалдық тарихын бірдей қамтуға тырыстық. Мұнда атақты Бертран Расселдың «Батыс философиясының тарихы», Энтони Кеннидің 4 томдық жинағы, Сократтан Деридаға дейінгі философияның қысқаша тарихы, Ислам философиясы мен классикалық араб ойшылдарының антологиясы, Жапон, Үнді және Қытай философиясы толық қамтылды. Әлеуметтану және психология топтамасында Ритцердің Әлеуметтану теориясы, Майерстің Әлеуметтік психология оқулығын, Элиот Аронсонның (The Social Animal) «Көпке ұмтылған жалғыз» атты еңбегін, Шульцтың «Қазіргі психология тарихы» аударылды. «Халық саны және қоғам: демографияға кіріспе», «Интернет психологиясы» оқулықтары бұрын бізде болмаған жаңа пәндерге негіз қалады», - деді Р.Кенжеханұлы.
Сонымен қатар, Тіл білімі және әдебиеттану саласында аударылған оқулықтар қатарында Стивен Пинкердің (The Language Instinct) «Тіл – инстинкт», Виктория Фромкиннің «Тіл біліміне кіріспесін» және Майкл Райанның 5 томдық «Әдебиет теориясы» атты жинағы бар.
Экономика, менеджмент және кәсіпкерлік топтамасында микро және макроэкономика бағытындағы бірқатар оқулықтар қазақ тілінде алғаш рет жарық көрді. Соның арқасында қазақстандық экономикалық және бизнес-мектептер тұңғыш қазақ тіліндегі MBA секілді іскерлік басқару, бизнеске қажетті мамандықтарды оқыта бастады.
«Тарих, антропология және дінтану, шығармашылық жән өнер бағытындағы бірқатар маңызды оқулықтар аударылды. Білім беру және басқа да әлеуметтік ғылым салаларындағы зерттеудің сандық және сапалық әдістері, зерттеуге қажетті статистика негіздері және әлеуметтік жұмыс тәжірибесіне арналған оқулықтар аударылып, академиялық айналымға кірді. Медиа саласында медиа этика, қазіргі журналистика мен дәстүрлі және жаңа медиа үшін мәтін жазуға арналған оқулықтар қамтылды. Құқықтану бағытында ағылшын заңының қоланысқа кіре бастауына орай ағылшын заңына сәйкес азаматтық іс жүргізу, сот өндірісі, медиация және арбитраж, келісімшарт ережелері, сондай-ақ 3 томдық «Интеллектуалдық меншік құқығы», әлемге әйгілі маман Малкольм Шоның 2 томдық «Халықаралық құқық» жинақтары және бірқатар саясаттану оқулығы аударылды», - деді спикер.