«Бірінші сайыс – «Айбын дарыны» зияткерлік ойын. Ол жалпы білім беретін пәндер және әртүрлі салалардағы аудио-видео сұрақтардан тұрады. «Мейірімділік біріктіреді» сайысында әр команда әлеуметтік желілерде челлендж бастайды. Бейнероликті жиынның ресми әлеуметтік желілерінде таратып, бөлісуге болады. Ең көп лайк жинаған команда жеңіске жетеді. Ал «Айбын жұлдызы» шығармашылық байқауында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған шығармашылық бейнебаян дайындау қажет. «SMART SARBAZ» конкурсы аясында әр команда робототехника саласындағы бір жобаны ұсынып, қорғайды», - деді капитан.  


Сонымен қатар, жарысқа қатысушылар спорттық және әскери дайындық бойынша нормативтер тапсырады, жедел медициналық көмек көрсету дағдыларын көрсетеді. Биыл алғаш рет рухани құндылықтардың өзектілігін арттыру үшін «Тоғызқұмалақ» ұлттық ойыны және әскери патриоттық журналистиканы дамыту мақсатында «Жас Сарбаз – жас тілшісі» медиа-байқауы өткізіледі. Өз топтарында бірінші орын алған командалар «Білім. Абырой. Жеңіс» ақтық сынға жолдама алады, онда әр команда төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарды көрсетеді. Финалдық ойынның қорытындысы бойынша Жиынның абсолютті жеңімпазы - Гран-при иегері анықталады. 


Ұйымдастырушылардың айтуынша, жиынды онлайн форматта өткізу жастарға қажетті цифрлық технологиялармен байланысты әскери патриоттық тәрбиенің жаңа түрлерін жасауға және өскелең ұрпақтың ел азаматының жоғары патриоттық сезімдері мен адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді.