Сатып алынатын дақылдар тізімі – былтырғы төрт дақылдан 2021 жылы тоғызға дейін кеңейтілді. Қаржыландыру мына дақылдар бойынша жүзеге асырылады: жұмсақ бидай, қатты бидай, арпа, сұлы, күнбағыс, рапс, зығыр, соя, қарақұмық. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарушы директоры-Басқарма мүшесі Әсет Бектеміров осындай мәліметтерді келтірді. 


Оның айтуынша, форвардтық сатып алуға Ақмола, Алматы, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысты. 


«Ағымдағы жылы қыркүйек айының басында Азық-түлік келісім шарт корпорациясы бидай, арпа, сұлы, зығыр және рапстың сатып алу бағаларын жариялады. Жарияланған бағалар нарықтық болып табылады. Форвардтық сатып алу шарттарының негізгі шарты астықты - міндетті түрде жеткізу. 28 қыркүйектегі жағдай бойынша 193,6 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілді, бұл келісімшарт жасалған көлемнің 25,5%-ын құрайды. Оның ішінде, Ақмола облысы бойынша – 25,1%, Қостанай облысы бойынша – 29,7%, Павлодар облысы бойынша – 30,5% және Солтүстік Қазақстан облысы бойынша - 21%. Азық-түлік корпорациясы астығының толық көлемін қалыптастыру мынадай іс-шараларды жүзеге асыру үшін қажет: Біріншіден, барлық сатып алынған астық белгіленген бағалар бойынша ішкі нарықты тұрақтандыру үшін, оның ішінде ұн тарту кәсіпорындарына, құс және мал өсіретін шаруашылықтарға өткізу үшін пайдаланылатын болады; екіншіден, биыл сатып алынған астықты сатудан түскен қаражат 2022 жылғы егінді форвардтық сатып алуды жүзеге асыру үшін пайдаланылатын болады», - деп түйіндеді Азық-түлік корпорациясының өкілі.