Оның айтуынша, былтыр елімізде ішкі сұраныс төмен болғандықтан бензин бағасы литріне 150 теңгеге, ДТ - 180 теңгеге дейін төмендеді. Сондай-ақ, 500 мыңнан астам тонна бензин, 200 мың тонна ДТ экспортталды, тапшылық болған жоқ.

 
«Қазір баға өте төмен болғандықтан біз тек қазақстандықтарды ғана емес, көрші елдердің облыстарын да қамтамасыз етіп отырмыз. Транзиттік көліктер Қазақстанға кіріп-шыққанда құйып отырады. Бұл ішкі сұранысқа әсерін тигізуде. Біздің есептеуіміз бойынша, сұраныс айына 50-60 мың тоннаға жуық артқан. Дизель отынды қанша өндірсек те, сұраныс ұлғайып барады. Мамыр-қыркүйек айларында ДТ сұраныс 2019 жылмен салыстырғанда 260 тоннаға шейін өсті, ал өткен жылмен салыстырғанда 480 мың тоннаға артық. Тамыз айында 519 мың тонна ДТ тұтынылды. Бұл тарихта болмаған жайт. Қор азайып барады. ДТ бойынша экспорт наурыз айында, бензин бойынша қаңтар айында тоқтатылды», - деді вице-министр.  


Бұл ретте Әсет Мағауов жанар-жағармай бағасының қымбат немесе арзан болуы нарыққа байланысты екенін атап өтті.  


«Жанар-жағармай немесе дизель отынының бағалары нарықпен реттеледі. 2016 бастап Үкімет реттемейді. Бірақ нарықтағы субъектілердің қалай жұмыс істеп жатқанын, артық пайда көріп жатыр ма, бәсекелестікке тыйым салып жатыр ма, пайда көру үшін басқа жолдар тауып, дұрыс жұмыс істемей жатыр ма, оны тексеретін құзыретті органдар бар. Бәсекелестікті қорғау агенттігімен тиісті жұмыс жүргізіледі. Былтыр сұраныс азайғанда бензин мен ДТ бағасы арзандады. Үкімет араласқан жоқ» - деді вице-министр. 


Сонымен қатар, ішкі нарықты ДТ қамту мақсатында жанармай құю бекеттерінде белгілі бір талаптар қойылуы мүмкін. Мысалы, бір көлікке 100-200 л құю, алдын ала сатылған талондар бойынша өткізу.