«Мысалы, осы 5 жылда қоғамдық кеңестер тарапынан 20 мыңнан астам нормативтік құжаттар өтсе, соның әрбір 10-шы немесе 2 мыңнан астам шешім кеңестер тарапынан өтпей, жетілдіру үшін кейін қайтарылған. Азаматтардың мүддесіне тікелей әсер ететін бұл сапасыз құжаттардың кемшілігі дер кезінде анықталды. Тағы да бір мысалы, жыл сайын түрлі деңгейдегі 1,5 мың мемлекеттік лауазымды иелері қоғамдық кеңестер алдында есеп береді. Бұл қосымша мыңдаған нәрселердің шешімі мен шешімін таппай жүрген сұрақтарға жауап алу мүмкіндігі. Осының барлығы көпшіліктің ортақ мәселесіне көз жұмбай, қашан да мінберден көтерер ұсынысын жеткізе білетін белсенді азаматтарымыздың қоғамдық негізде ақысыз атқарған үлкен еңбегінің жемісі. Жалпы азаматтық қоғамның жемісі. Сондықтан ел президентінің бастамасымен «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жыл басында қабылданды», - деді спикер.  


Ол заңға енгізілген негізгі өзгерістерге тоқталды: қоғамдық кеңестердің өкілеттілігі біршама кеңейтілді, бұл жөнінде заңнамалық ережелер мен нұсқаулықтар әзірленіп, барлық маслихаттарға, мемлекеттік органдар мен қоғамдық кеңестердің өздеріне таратылды; кеңестерді құру үрдісі қайта қаралды, енді олардың 70 пайыздан кем емес құрамы ҮЕҰ мен белсенді азаматтардан тұруы тиіс; уәкілетті орган айқындалды – Ақпараттық және қоғамдық даму министрлігі бекітілді.

Сонымен қатар, жыл сайынғы ұлттық баяндама әзірлеу жұмыстары қолға алынды – биыл ел Президентіне алғаш рет ұсынылатын бұл құжат қазір аяқталуға жақын. Сондай-ақ қоғамдық кеңестер квазимемлекеттік субъектілерде де құрылатын болды – бүгінге дейін 12 ұлттық компания мен акционерлік қоғамдарда құрылып, жұмысын бастап кетті.