Оның айтуынша, инфекция жұқтырғандардың ауырлық дәрежесіне және қаладағы індеттің қарқын алуына қарай жедел жәрдемнің ауруханаға жатқызудың «жалғыз жолы» ретіндегі рөлі өзгертілді, төсек-орындармен қамту үшін инфекциялық стационарлардың жұмысы үш эшелонға бөлініп қарастырылды.  


«Екіншіден, МСАК жұмысы қайта құрылды. 74 емхана базасында 364 мобильді бригада жасақталды және учаскелік дәрігерлердің әлеуеті күшейтілді, ал олардың саны 2 мыңға жуық.  Емханаларға науқастарға үйлерінде жедел көмек көрсету үшін қосымша 70 көлік берілді. Өткен жылы құрылған Телемедицина орталығы арқылы пациенттерді үйде емдеуді  бақылау қолға алынды. Өлім-жітіммен  күресу үшін қаланың штаттан тыс бас реаниматологы бастаған бірыңғай реанимациялық топ жұмыс істейді, ол қаланың барлық реанимацияларының жұмысына жетекшілік етеді. Сонымен қатар, тәуліктік қуаты 16 мың зерттеуге дейін жететін және оны 27 мыңға дейін ұлғайту мүмкіндігі бар 28 ПТР зертхана желісі орталықтандырылған, 14 ИФА зертхана жұмыс істейді. 28 КТ-орталықтан тұратын жалпықалалық желі құрылды», - деді Е.Бабақұмаров. 


Қала әкімінің орынбасары атап өткендей, COVID-19-ға қарсы күресетін барлық 17 медициналық ұйым орталықтандырылған медициналық газбен қамтамасыз етілген. Олардың барлығында медициналық қалдықтарды кәдеге жарату және кәріз ағындарын зарарсыздандыру жүйелері орнатылған, бұл қаланың эпидемиологиялық қауіпсіздігі үшін өте маңызды.