Осыған байланысты еліміздің су объектілерінің экожүйелерін сақтау міндеті қойылды. «Сырдария өзенінің арнасын реттеу, Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші кезеңін және Бурабай, Щучье, Қопа, Шалқар көлдерін қалпына келтіру жөніндегі іс - шараларды іске асыру жоспарланған. Сондай-ақ, Балқаш көлінің бассейнінде орналасқан өзендердің сулылығы мен өткізу қабілетін арттыру бойынша бұл көлге жылына кемінде 12 км3 су ағынын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар қарастырылған.  
Қоршаған ортаның, халықтың және экономика салаларының қажеттіліктері арасындағы тепе-теңдікке қолжеткізу үшін суды пайдаланудың экологиялық қауіпсіз және экономикалық оңтайлы жағдайларын іске асыру қажет. «Суды үнемді пайдалану есебінен өнімділікті арттыру» міндеті шеңберінде 401 арнаны қайта жаңарту және 212 арнаны цифрландыру және соның салдарынан суару кезінде су шығынын 4 км3 қысқарту жоспарланған.  

«Сондай-ақ, 600 мың га суармалы жерлерді ұлғайту бойынша іс-шаралар қарастырылған. Қосымша суару көздерін құру үшін 2025 жылға дейін Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында жинақтау көлемі 1,7 км3 болатын 9 жаңа су қоймасын салу көзделген. Биыл Түркістан облысында Кеңсай-Қосқорған-2 су қоймасының құрылысы аяқталуға жақын, қалғандары бойынша ТЭН немесе ЖСҚ әзірленуде», - деді ведомство басшысы.  

 
Деректерге сәйкес, елдің ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығы басқа елдермен салыстырғанда өте жоғары деңгейде. Осыған байланысты, ұлттық инфрақұрылымды жаңғырту кезінде энергия ресурстарына ұқыпты қарау және энергия тиімділігін арттыру мәселесі түйінді міндеттердің біріне жатқызылды. Осыны ескере отырып, ұлттық жоба шеңберінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, бюджеттік ұйымдарда энергия тұтынуды азайту, өнеркәсіптік кәсіпорындарда, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі саласында энергия тиімділігін арттыру бойынша міндеттер қойылды.