«2020 жылдың соңында елімізде құс тұмауының ошақтары анықталды. Солтүстік аймақтар шығынға ұшырады. Осыған орай, 2021 жылы құс тұмауына қарсы вакцинациялау 5 есеге арттырылды. СҚО, Ақмола облысындағы індет ошақтары жаңадан туған және басқа жақтан әкелген құстардан анықталып отыр. Бұл вакцинациядан өтпеген құстар. Қазіргі таңда құс тұмауы бойынша эпизоотикалық ахуал тұрақты. Аталған ошақтардан басқа індет ошақтары анықталған жоқ. Әр жағдай жергілікті атқарушы органмен және ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетімен тікелей бақыланады», - деді спикер.  


Оның айтуынша, ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің стратегиясы бойынша, індет ошақтары анықталған аймақта 20 км қашықтықта вакцинация жүргізіледі. Қазақстан аумағында қауіпті жерлерді вакцинациялау жергілікті атқарушы органдардың және ғылымның ақпараты бойынша жүргізіледі.