Біріншісі, Еуропалық Одақтың және еліміздің басқа да ірі сауда серіктестерінің шекаралық көміртегі салығын енгізуі. Сонымен қатар, Халықаралық энергетикалық агенттіктің болжамы бойынша энергия ресурстары бағасының төмендеуі және климаттың өзгеруінің ауыл шаруашылығына теріс әсері.  


Көміртекті бейтараптық сценарийі 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу үшін қажетті шараларды қамтиды.  


«Біздің есептеулеріміз бойынша, бұл аталған тәуекелдерден күтілетін залалды 2 еседен артық қысқартуға мүмкіндік береді. Модельдеу нәтижелері 2060 жылға қарай Қазақстан бүкіл экономика ауқымында нөлдік шығарындылар балансына жететінін көрсетті. Шығарындылардың көп бөлігін болдырмауға болады, ал қалған шығарындыларды көміртекті ұстау және сақтау технологиялары ұстап, өсімдіктер мен топырақ сіңіреді. Экономиканы декарбонизациялауға арналған шараларды жүзеге асыру отын-энергетикалық кешеннің өзгеруіне әкелетіні сөзсіз. 2017 жылы отын-энергетикалық себет 54% көмірден, 24% мұнайдан және 22% газдан тұрды. Модельдер есептеулері көрсеткендей, 2060 жылға қарай бастапқы отын-энергетика ресурстары құрылымындағы қазбалы энергия ресурстарының үлесі 3,4 есе қысқарып, 29% құрайтынын, ал ЖЭК үлесі ағымдағы 3%-дан 70%-ға дейін өсетінін көрсетті», - деді министр.  


Энергия ресурстарын түпкілікті тұтыну құрылымында өнеркәсіп пен ғимараттар тиісінше 42 және 40% тұтынды, тұтынылған энергия ресурстарының 14% көлікке тиесілі болды. Есептеулер бойынша 2060 жылы өнеркәсіп секторы барлық энергия ресурстарының 65% - ын тұтынатын болады. Ғимараттарды тұтыну 23% дейін қысқарады, көліктің энергия тұтынуы 9% дейін төмендейді. Модель есептеулеріне сәйкес, 2060 жылға қарай шығарындылар шамамен 76 млн тонна СО2 құрайды.  


Болжам бойынша, ауыл шаруашылығы парниктік газдардың ең ірі көзі болады. Шығарындылар шамамен 42 млн тоннаны құрайды. Бұл агроөнеркәсіптік кешенді дамыту драйверлерінің бірі ретінде мал шаруашылығы секторын қолдауға байланысты. Екінші ірі эмитент өнеркәсіп (қара және түсті металлургия, цемент және басқа да минералды өнімдер өндірісі) болады. Шығарындылар 21 млн тоннадан асады деп күтілуде. Мұнай-газ секторы - 6 млн тонна. 


«Сондай-ақ, есептеулер көрсеткендей, ТКШ секторында тікелей шығарындылар энергия тиімділігі, электрлендіру, жылыту шаралары, сондай-ақ таратылған ЖЭК-ті кеңінен қолдану есебінен нөлге дейін төмендетілетін болады. Көлікте шығарындылар электрлендіру және сутегі отынын пайдалану есебінен 10 еседен астам төмендейді. Жайылымдар мен орман екпелерінің шығарындыларын сіңіру ұлғаяды. Жалпы, біздің есептеуімізше, жерді пайдалану және орман шаруашылығы 2060 жылға қарай 45 млн тоннаны сіңіруді қамтамасыз етеді. Қалған 31 млн тонна көлеміндегі шығарындылар көміртекті ұстау және сақтау технологияларымен өтеледі, бұл шығарындылар мен сіңірулердің нөлдік теңгеріміне әкеледі», - деп түйіндеді спикер.