«Елімізде орман қоры 30 млн гектарды алып жатыр, оның 13,3 млн гектары ғана орман. Көшеттер СО2 соншалықты сіңіре алмайды, белгілі бір кезең бар - шамамен жеті жыл, ағаш жетіліп, күшейгенше, содан кейін бұл ағаш парниктік газдарды сіңіреді. Көрсеткіштерге тоқталатын болсақ, 1 га орман, қателеспесем, 3 тоннаға дейін СО2 тұтынады.  Математикалық жолмен есептеп көріңіз, бұл көп емес. Мемлекет басшысының тапсырмасы осы міндетпен байланысты. Бізде нақты жоспар бар. Сонымен қатар, бұл тапсырма «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасында бекітілді. Жыл соңына дейін 130 млн жуық ағаш отырғызылады, көктемде 80 млн-нан астам ағаш егіледі, күзде - шамамен қосымша 50 млн ағаш. Сондай-ақ, Арал теңізінің құрғаған түбіне сексеуіл отырғызылып жатыр», - деді министр.  


Арал түбінің 1,1 млн гектарына сексеуіл отырғызу жоспарланған. Жыл сайын осы алаңнан 100 млн тоннаға дейін шаң мен тұз көтеріледі, олар мыңдаған шақырымға таралып, айтарлықтай экологиялық зиян келтіреді. Соңғы жылдардағы тәжірибе сексеуіл отырғызу тұздар мен шаңды тежеудің пәрменді тетігі болып табылатынын дәлелдеді.  


Соңғы 10 жылда Аралды қалпына келтіруге халықаралық қорлардың көмегінсіз 85 млн доллардан астам сомаға жобалар іске асырылды, 340 мың гектарға сексеуіл отырғызылды. 15 қарашада аэропосев басталады.