Бұл ретте қосымшаның өзін және оның функционалын енгізу кезең-кезеңмен жүргізіледі. Функционалдың бір бөлігін кәсіпкерлер мен Мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінен тұратын фокус-топ сынақтан өткізді. Барлық ескертулер мен ұсыныстар қаралып, оларды іске асыру жоспары жасалды. Кейбірі жүзеге асырылды, басқа да жұмыстар жүргізілуде.  


Айта кетейік, пилоттық жоба шеңберінде қосымша патент және оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режимдерін қолданатын ЖК ғана қолжетімді. Тіркеу рәсімі, оның қолжетімділігі, қосымшадағы ыңғайлылығы тестіленеді, пилоттық жоба аясында жетілдіріледі.  

«Пилоттық жоба Ақмола және Жамбыл облыстарында қолға алынды. Қазір 3,5 мыңға жуық кәсіпкер тіркеліп, мобильді қосымшаны пайдалануда, келесі жылдан бастап мобильді қосымша толық режимде жұмыс істейтін болады деп ойлаймыз. Есептеулер бойынша мобильді қосымшаны шамамен 400 мың кәсіпкер пайдаланады», - деді ведомство өкілі.  


Қараша айында пилоттық жобаны басқа өңірлерге кезең-кезеңмен тарату жоспарланған. Жыл соңына қарай кәсіпкерлер мен қосымша Салық кодексінің жаңа нормаларын қолдануға дайын болуы тиіс.