«Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындау үшін, биылдан бастап, халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздарына бірреттік сыйақы беру көзделген. Бағдарламалау бойынша білім сапасын арттыру мақсатында облыстың барлық 647 мектебінде оқушылар мен ұстаздар халықаралық стандарт бойынша IT бағдарламасын тереңдете оқиды. Оқушылардың ғылыми және Start-up жобаларын іске асыруға 2018 жылдан бері 23 млн теңгенің 25 гранты бөлінді. Бұл жұмыс жалғасын табады», - деді облыс әкімі.

 
Сонымен қатар, Президенттің 2025 жылға дейін Қазақстанда 1000 мектеп салу тапсырмасына орай Шығыс Қазақстан облысында ескі шағын комплектілі, ағаштан салынған және мектепке арналмаған ғимараттардың орнына 33 жаңа мектеп салу жоспарланған.  


«Өңірде үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі толықтай шешілді. Жыл соңына дейін Семей қаласының Степное кентінде 300 орындық және Восточное ауылында 1200 орындық екі мектеп пайдалануға беріледі. Риддер қаласында 600 орындық мектептің құрылысы басталды. Келесі жылы тағы 6 мектептің құрылысы аяқталады. Балабақшалар мен мектептердегі қауіпсіздік біздің басты назарымызда. Барлық оқу мекемелері бейне бақылау, арнайы күзет жүйелерімен қамтамасыз етілген, «дабыл» түймелері, турникеттер, металл детекторлары орнатылуда», - деді Д.Ахметов.