Биыл 2408 пәтерлік 110 тұрғын үйлердің құрылысы жүруде, оның ішінде Байқоңыр қаласында 250 пәтерлік 5 тұрғын үй бар. Жыл аяғына дейін 1608 пәтерлік 94 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Облыс экономикасына, оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі артты. 


«Жұмыс істеп тұрған кен орындарының сарқылуына байланысты мұнай өндіру көлемі қысқаруда. 2007 жылы өңірде ең жоғары өндіру көлемі 11,7 млн тоннаны құрады. Ағымдағы жылы болжам бойынша 4,2 млн тонна мұнай өндіріледі. Жаңа кен орындарын іздеу мақсатында биыл Арал теңізі акваториясының «Батыс» және «Шығыс» учаскелерін, сондай-ақ, Сырдария шөгінді бассейні аумағының бір бөлігін сейсмикалық барлау бойынша жоба-сметалық құжаттама әзірлеу аяқталады. 2022 жылы сейсмикалық барлау жұмыстары басталады. Индустрияландыру бағдарламасының үшінші бесжылдығы аясында құны 543 млрд теңгеден асатын 46 инвестициялық жобамен жұмыс жүргізудеміз, бұл өз кезегінде 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Биыл құны 45 млрд теңгені құрайтын, қолданысқа түскенде 500-ге жуық жұмыс орны ашылатын 4 жобаны іске қосу жоспарлануда. Олардың қатарында Қызылорда қаласындағы шыны зауыты бар», - деді облыс әкімі.  


Сонымен қатар, биыл Жаңақорған ауданында «Шалқия» кен орнында тау-кен байыту комбинатының және Арал ауданында кальцийленген сода зауытының құрылысын бастау дайындықтары жүргізілуде. Шиелі ауданында «Баласауысқандық» ванадий кен орнын игеру жұмыстары жалғасуда, желтоқсан айынан бастап ферромолибден өнімін өндіру басталады.