«Өңірдің экономикалық негізгі тірегі – мұнай-газ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бұл салаға ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ірі шетелдік инвесторлар инвестиция тартты. 1993 жылы «Шеврон» компаниясымен «Теңіз Шевройл» бірлескен кәсіпорынын құру туралы тарихи келісімге қол қойылды. Каспий теңізінде барлау жұмыстары басталды. Содан бері Теңіз кен орнында мұнай өндіру 30 есеге жуық артты, барлығы 500 млн тонна мұнай өндірілді. 100 млрд доллардан астам инвестиция тартылды. Әлемдегі ең ірі кеніштердің бірі Қашаған кен орны ашылып, қазір 16 млн тонна мұнай өндіріледі. Тұтастай алғанда өңірімізде тәуелсіздік кезеңінде 687 млн тонна мұнай және 308 млрд текше метр ілеспе мұнай-газ өндірілді», - деді өңір басшысы.  


Оның мәліметінше, Атырау облысының жалпы өңірлік өнімі 600 млн теңгеден 7,7 трлн теңгеге дейін өсті. 31 трлн теңге инвестиция тартылды. 30 жылда облыста 179 білім беру, 90 денсаулық сақтау, 37 спорт ғимараты, 31 мәдени нысан салынды.  

«Өңірде 11,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2 200 шақырымнан астам автокөлік жолы салынып, жөндеуден өтті. Облыс тұрғындарының табиғи газбен қамтылуы 12-ден 99% жетті, орталықтандырылған сумен қамту 35-тен 99,3% артты. Осы сияқты өмір сапасының маңызды көрсеткіштері бойынша облыс республикада бірінші орында.Облыс халқының саны тәуелсіздік жылдарында 1,5 есеге артты, таяудағы санақтың қорытындысымен 665 мың адамды құрады. Бұл жетістіктерге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Тоқаев Қасым-Жомарт Тоқаевтың дана саясатының, бастамаларының, күш-жігерінің, халқымыздың қажырлы еңбегінің, қоғамдағы бейбітшілік пен келісімнің арқасында қол жеткізілгені сөзсіз», - деді облыс басшысы. 


М.Досмұхамбетов атап өткендей, бүгінгі басты міндет - экономиканы дамытумен қатар, адамдардың әл-ауқатын жақсарта отырып, қолда бар әлеуетті нығайту. Осы бағытта жүйелі жұмыстар атқарылуда.