Оның айтуынша, Атырау қаласының ауа сапасына қатысты бірқатар ірі жобалар іске асырылуда. 

«Қазіргі кезде Атырау мұнай өңдеу зауытының «Тазалық» жобасы қолға алынды. Атырау қаласының сол жақ жағалауындағы кәріздік-тазарту қондырғысы салынуда. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды, нысан пайдаланушы ұйымның балансына өткізіліп жатыр. Бұдан бөлек, «Сасық сай» булану алаңы қалпына келтіру жұмыстары ағымдағы жылдың сәуір айында басталып, 2023 жылы аяқталады. Сондай-ақ, қаланың оң жақ жағалауындағы кәріз-тазарту құрылысын қайта жаңғырту басталды. Бұл жұмыстар 2023 жылы аяқталуға тиіс. 2023 жылы «Квадрат» буландырғыш тоғанын тазарту жұмыстары қолға алынады. Рекультивациялық жұмыстарын 2024 жылдың соңында аяқтау көзделген», - деді облыс әкімі. 


Бұл ретте М.Досмұхамбетов қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мәселесіне ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді. Қазіргі уақытта облыс аудандарындағы полигондарды оңтайландыру және орталықтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. 

«2021-2023 жылдары жеке инвесторларды тарта отырып, Атырау қаласында қуаты жылына 225 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдейтін 2 сұрыптау кешенінің құрылысы жоспарланған. Қаланың оң жағалауындағы қоқыс өңдеу зауытының құрылысы биыл маусым айында басталды, 2022 жылдың көктемінде іске қосу көзделген. 2023 жылы қолданыстағы ҚТҚ полигонын рекультивациялауға кірісеміз», - деді спикер. 
Мемлекет басшысының көгалдандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізу тапсырмасы шеңберінде облыста 2025 жылға дейін орман қоры жерлерінде 7 млн көшет, елді мекендерде 540 мың тал отырғызу жоспарлануда.

Бүгінгі таңда орман қорының 309 гектарына 905 мың тал, облыстың елді мекендерінде 38 гектарға 66 мың көшет отырғызылды. Көгалдандыру бағдарламасына өңірдегі ірі мұнай-газ кәсіпорындары тартылып, тиісті меморандумдар жасалды.