«Өткен жылы облыста мұғалімдер саны 330 маманға артты. Мектептерді білікті ұстаздармен қамтамасыз ету үшін қажетті мамандарды даярлауға жергілікті бюджеттен 405 грант бөлінді. Облыста Назарбаев зияткерлік мектебімен бірлесе отырып, орта білім беру сапасын арттыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Биыл жоғары сынып оқушыларына арналған «ZIYATKER» облыстық мектебі ашылды. Озық халықаралық тәжірибелерге негізделген бұл мектепке ауыл оқушылары білім алады», - деді өңір басшысы.  


Қазіргі уақытта облыстың әрбір үшінші тұрғыны тұрақты түрде спортпен шұғылданады, 20 мыңнан аса бала спорттың 28 түрімен тегін айналысады. Биыл спорт мектептерінде 68 секция ашылды. Бұқаралық спортпен шұғылданушылар санын 45% жеткізу жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында, алдағы төрт жылда 28 спорт кешенінің, 25 воркаут жаттығу алаңын салу жоспарланған.  


Халықты толғандыратын және басым назардағы аса маңызды мәселенің бірі – медициналық қызметтің сапасы. Бұл бағытта іс-шаралар жоспары әзірленді.  

«Біз жетекші қазақстандық және медицина саласындағы шетел мамандарын тарта отырып, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қызметтердің сапасын жақсарту бойынша жүйелі жұмыстарды атқарып келеміз. Республиканың жетекші реаниматологы И.А. Вахрушев өңірімізде 1,5 ай бойы тәжірибелік және әдістемелік көмек көрсетті. 40-тан аса салалық дәрігер бас республикалық реаниматолог, профессор А.Ш.Жұмаділовтің оқуынан өтті. Сондай-ақ, израильдік жетекші мамандарды тарта отырып, екі апталық мастер-класс өткізілді. Медицина саласы мамандарының тапшылығын төмендету мақсатында ағымдағы жылы өңірге 71 жас маман шақырылды, оның 21-і ауылдық жерлерге жіберілді. Соңғы 3 жылда медицина мамандығы бойынша оқытуға грант саны 54-тен 71-ге ұлғайтылды», - деді спикер. 


Атырау облысы әкімінің мәліметінше, биыл 4 денсаулық сақтау нысаны салынды, 6 нысанның құрылысы жалғасуда, 2 млрд теңге медициналық жабдықтарды жаңартуға бағытталды. Медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету 78-дан 91%-ға ұлғайды.