«Ел Президентінің берген тапсырмасына сәйкес моноқалалардың экономикасын әртараптандыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Өңдеу өнеркәсібінің бірқатар ірі жобалары іске асырылуда. Мысалы, Саран қаласындағы бұрынғы РТИ зауытының алаңында Индустриялық аймақ құрылды. Қазірдің өзінде «Ютонг» маркалы автобустар шығаратын зауыт жұмыс істейді. Ресейлік «Татнефть» компаниясымен бірге «KamaTyresKZ» автомобиль шиналарын шығаратын зауыттың құрылысы жүргізілуде. Зауыт келесі жылдың қараша айында іске қосылады. 20 қазанда ҚР Президентінің қатысуымен Жайрем кен-байыту комбинатының жаңа полиметалл фабрикасы іске қосылды. Кәсіпорында жылына 5 млн тоннаға жуық кен өңделеді. Жаңа фабрика моноқалаға келешекте 100 жылға дейінгі жұмыс перспективасын қамтамасыз етеді», - деді облыс басшысы.


Сондай-ақ, мал шаруашылығындағы өндірістің артуы есебінен ауыл шаруашылығында тұрақты өсім байқалады. 

«Қиындықтарға қарамастан дәнді дақылдардың жақсы және сапалы өнімі жиналды. 940 мың тоннадан астам жоғары сапалы астық бастырылды. Оның ішінде 1 және 2 сыныпты 600 мың тоннадан астам бидай, 410 мың тонна картоп және 109 мың тонна көкөніс жиналды. Астықтың, картоптың және көкөністердің резервтік және тұрақтандыру қорлары құрылды», - деді өңір әкімі.