Ол әлемде қолда бар ядролық арсеналдан бас тартқан алғашқы мемлекет бола отырып, Қазақстан ядролық қарудан азат әлем құру үшін тек саяси ерік-жігер ғана қажет екенін дәлелдегенін атап өтті. Семей полигонын жабу арқылы Қазақстан әлемде жүргізілген барлық ядролық сынақтардың төрттен бірін тоқтатып қана қоймай, ядролық сынақтардан бас тартудың жаһандық үрдісін қалыптастырды.  


«Бүгінде әлемнің 88 мемлекеті Ядролық қаруға тыйым салу туралы келісімге қол қойды. Біз адамзаттың осы жетістігіне қосқан үлесімізді мақтан ете аламыз. Қалыптасқан дәстүр бойынша мерейтой алдында біз Тәуелсіздіктің экономикалық, саяси және мәдени салалардағы жетістіктерін бағалаймыз. Бірақ, бүгін мен тәуелсіздігіміздің қазақстандық ұлттың дамуындағы маңыздылығына, осы 30 жыл ішінде дүниетанымымыз қалай өзгерді, бәріміз бірге, әрқайсымыз жеке тұлға ретінде қалай қалыптастық дегенге назар аударғым келеді. Қазіргі уақытта Қазақстанның халық саны 19 миллионнан астам адамды құрайды және қазақстандықтардың жартысы (0-28 жас аралығындағы 48,5%) тәуелсіз елде туып, бүкіл өмірін өткізіп жатыр. Олар тәуелсіздіксіз өмір сүрудің не екенін білмейді! Жас қазақстандықтың орташа келбеті оның адамдық және азаматтық құқықтарының мызғымастығына сенімділігімен сипатталады. Қазақстандық қыздар мен ұлдар өз болашағын таңдау құқығына шектеулердің болуы дегеннің не екенін білмейді. Жас қазақстандықтар «темір тордың» не екенін білмейді. Жастарымыздың санасында Қазақстан әлем қауымдастығы әрқашан мойындаған, құрмет көрсетілетін ел. Бұл да олардың еңбегі. Қазақстандық жастар өткеннің идеологиялық шаблондарынан ада, оларға бүкіл әлем, әлемдік өркениеттің – мәдениет, ғылым, техника барлық жетістіктері ашық. Біздің жас ғалымдарымыз, әншілеріміз, өнер қайраткерлері, спортшыларымыз – бәрі де Қазақстанның халықаралық аренадағы жаңа келбетін қалыптастыратын үлкен күш. Тәуелсіздік перзенттері дарынды, шығармашыл, прагматикалық және табаншыл. Олар өздеріне жоғары талаптар қойып, оны сәтті жеңе біледі. 
Қазақстандық жастардың жоғары сапасы – Тәуелсіздіктің ең басты жетістігі. Сонымен қатар, жастардың өз құқықтары мен мүмкіндіктерін сөзсіз норма, табиғи жағдай ретінде қабылдауы Тәуелсіздіктің жас ұрпақ санасынан іргелі құндылық ретінде терең сіңгенін айғақтайды. Бұған 30 жылдық мерейтой қарсаңында «Тәуелсіздіктің мен үшін маңызы» атты ҚР АҚДМ бастамасымен жүргізіліп жатқан челлендж аясындағы қазақстандықтардың айтқан әңгімелері мысал болады. Жоба аясында азаматтар тәуелсіз елде өмір сүрудің өзі үшін не екенін айтады. Міне, кейбір дәйексөздерді келтірейін: «Тәуелсіздік дегеніміз – халықтың тіршілік етуі емес, ол рахатпен өмір сүруі»; «Тәуелсіздік» «азаттық», «әділет», «даму» деген сөздермен бір деңгейде; «Тәуелсіздік – бұл сөзсіз өзіне деген сенімділік және ішкі жан дүниеңмен үйлесімділік. Бұл дамуға, алға ұмтылуға, қайта қуаттану және энергияны басқалармен бөлісуге деген ыстық ықылас. Бұл өміріміздің құрылысшысы ретінде жауапкершілікті сезіну». Тәуелсіздіктің аға ұрпақтың жүрегінде іргелі құндылық ретінде орын алуы да маңызды жетістік болды. Идеялар көпшілікке тарай отырып,  мемлекеттер мен халықтардың тағдырына барынша шешуші әсер етуге қабілетті материалдық күшке айналды. Бұл постулат біздің Отанымыздың тарихында өз көрінісін тапты», - деп атап өтті институт басшысы. 


Сонымен қатар, 90-жылдардың басында орын алған әдеттегі идеологиялық құрылымның және қалыптасқан құндылықтар ауқымының күйреуі қоғамдағы «мәдени жарақат» белгілерінің көрінуіне негіз болды. Бұл сәйкестік дағдарысында, сенімсіздік синдромының пайда болуымен, тұрғындардың апатиясында көрініс тапты. Дәл осы Тәуелсіздікке деген сенім Қазақстан халқына экономикалық күйреу жағдайларына төтеп беруге және ең ауыр идеологиялық дағдарыстан, әлеуметтік енжарлық пен жеке бастың жеке мәселелері аясындағы оқшауланудан шығуға мүмкіндік берді. Тәуелсіздік бүкіл қазақ халқының рухының қайратына серпін берді. 


«Әлеуметтанулық зерттеулер көрсеткендей, Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басқан қазақстандықтардың басым көпшілігі болашаққа сеніммен қарайды және өз елін мақтан етеді. Елордамыз, Қазақстанның халықаралық саяси аренадағы жетістіктері, мемлекеттің ЭКСПО, Қысқы Универсиада, күрес түрлерінен әлем чемпионаты сияқты ірі халықаралық шараларды өткізу мүмкіндігі мақтаныш сезімін оятады. Геннадий Головкин, Димаш Құдайберген, Иманбек Зейкенов, Мария Мудряк, Данэлия Тулешева, Скриптонит, Дана Ақылбекова, Артур Тұралиев және басқа да жерлестерімізді мақтан тұтамыз. Қазақстандықтар үшін Тәуелсіздік абстрактілі ұғым емес, оның нақты практикалық мазмұны бар. Бұл – біздің барлық этникалық және конфессиялық әртүрлілігіміздегі бірлігіміз, ол дамыған экономика, әлеуметтік лифттер, өз пікірімізді ашық білдіру және елдің саяси басқаруына қатысу мүмкіндігі», - деді сарапшы. 


Сөз соңында Зарема Шаукенова Тәуелсіздік барлық нығметтердің ең ұлысы, онсыз басқаларын пайдалану мүмкін емес деген либералдық саяси философияның негізін салушылардың бірі Уильям Годвиннің сөзін келтіріп өтті. Тәуелсіздік жасына, этникалық, конфессиялық және басқа да ортақ белгілеріне қарамастан барлық қазақстандықтар үшін іргелі құндылыққа айналды.  


«Біз бәріміз өз болашағымызды, ұрпағымыздың болашағын қалыптастыратын біртұтас халықтың бір бөлігіміз. Кейбір мәселелерде әртүрлі көзқарастарды ұстануымызға болады, бұл құқықты да бізге Тәуелсіздігіміз берді, бірақ бәріміз де Отанға деген сүйіспеншілігімізде, өз тағдырымыздың иесі болу құқығын сақтап қалуда бәріміз біргеміз», - деді спикер.