«Жыл соңына дейін 8,2 мың орынға арналған 17 қосымша құрылысты да пайдалануға береміз. Оның 11-інде балалар оқып жатыр. Бұдан басқа, оқу жылының басынан бері 13 жеке меншік мектеп ашылды. Жалпы, ағымдағы жылдың соңына дейін 16 мыңнан астам жаңа оқушы орны құрылады, бұл тапшылықты 47%-ке төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жуырда беделді De Montfort университетінің филиалы ашылды, онда студенттерді бизнес, IT, қаржы және құқық секілді бағыттар бойынша оқыту жүргізілуде. Елбасының бастамасымен Алматыда Назарбаев университетінің Жасанды интеллект мектебінің құрылысы басталады. Бүгінде мемлекеттік мектептердің 80%-інде инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалды. Қазір ерекше қажеттіліктері бар 4 мыңнан астам бала білім алуда», - деді қала әкімі.  


Оның айтуынша, Президент Жолдауында айтылған балалардың шығармашылық және спорттық әлеуетін дамытуға ерекше назар аударылады. Жан басына қаржыландыру арқылы балаларды тегін спорт секцияларымен қамтамасыз ету үшін 1,5 млрд теңге бағытталды.   


«Бүгінде Алматыда 33 мыңнан астам бала спорттың 37 түрі бойынша үйірмелерге тегін қатысады. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған секциялар қарастырылған. 36 шығармашылық үйірме жұмыс істейді, оған 15 мыңнан астам бала барады. Бүгінде 660 мыңнан астам қала тұрғыны дене шынықтырумен және спортпен шұғылданады, қалада 3,6 мыңнан астам спорт ғимараты бар. Желтоқсан айында 3 дене шынықтыру-спорт кешенінің құрылысын аяқтаймыз . 64 мектеп спорт алаңын жаңғырту бойынша жұмыстар жалғасуда. 54 алаң жаңғыртылды. Алматыда мектептердің спорт құрал-жабдықтарымен жабдықталуы бойынша еліміздегі ең үздік көрсеткіш», - деді спикер.