Оның айтуынша, министрлік әкімдіктермен бірлесе отырып, арналарды тазарту жұмыстарын жүргізді. Қосымша сорғылар орнатылды. Сумен қамтамасыз етудің жедел кестелері енгізілді. 


«Көрші елдермен белсенді келіссөздер жүргізген саясатымыздың арқасында былтырға қарағанда көбірек су алдық. Жалпы, Сырдария өзені бассейнінен қосымша 700 млн. текше метр су ала алдық. Айта кету керек, көршілес елдер өздерін шектеуге мәжбүр болса да, бізге қажетті суды берді. Нәтижесінде, оңтүстік облыстардағы шаруаларды суармалы сумен қамтамасыз еттік. 


2017 жылдан бері Жайық өзенінің бойында судың аз айналымы жалғасуда. Өткен жылы Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру бойынша Ресеймен бірлескен бағдарлама қабылданды. Жағдайды жақсарту үшін былтырдан бастап өзара зерттеулер жүргізілуде. Нәтижесінде екі елдің өзен бассейнінде орналасқан су қоймаларының жұмыс режимін синхрондап, өзеннің гидрологиялық режимін жақсарту шаралары әзірленеді. Осы мақсатта арнаны тазарту және тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Балқаш көлін сақтайтын арнайы іс-шаралар жоспарын әзірледік. Оған су объектілерін тереңдету мен тазарту, каналдарды жөндеу, су үнемдеу технологияларын енгізу және ылғал сүйгіш дақылдар алаңдарын қысқартуды қостық», - деді Брекешев.

 
Өндірістік емес су шығындарын азайту мақсатында биыл 1050 шақырым каналды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. 78 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу инфрақұрылымы қалпына келтірілді. 5 жыл ішінде ұзындығы 2,3 мың шақырымға жуық кем дегенде 120 арна қайта жаңғыртылады. 


«Мемлекет басшысы өз Жолдауында су тапшылығына байланысты цифрландыру мен суды үнемдейтін технологияларды енгізуге баса назар аударып отыр. Цифрландыру жұмыстары былтыр басталды. Алдағы 5 жылда ұзындығы 3,3 мың шақырымнан асатын 212 арнаны цифрландыру жоспарланған. Бұл шараларды жүзеге асыру 2,2 текше шақырымға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға қарай 6 облыста жалпы көлемі 1,7 млрд текше метр 9 су қоймасын салу көзделген. Су қоймаларын салу арқасында 20 елді мекендегі су тасқыны қаупі азаяды. 195 мың гектар жаңа суармалы жер айналымға енеді. Ауыл шаруашылығында 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл Түркістан облысындағы Кеңсай-Қосқорған-2 су қоймасының құрылысы аяқталды. Қалғандары бойынша техникалық-экономикалық негіздеме немесе жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде», - деді министр. 
Сондай-ақ, топтық су құбырларын салу және қайта жаңғырту бойынша 16 нысан жүзеге асырылуда. Жүргізілген жұмыстардың арқасында 5,8 мың тұрғыны бар 5 ауылдық елді мекенді сапалы ауыз суға қол жеткізеді. Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды және Қызылорда облыстарында 51 ауылдық елді мекенде және 3 қаладағы 203 мың адамды сумен жабдықтау жақсарады. Қалған 8 нысанды екі жыл ішінде аяқтау көзделген.