Оның айтуынша, Қазақстан ұзақ жылдар бойы түрме индексі бойынша әлемдік көшбасшылардың үштігінде болды. Бірақ соңғы 20 жылда бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын адамдардың саны 2,5 есе қысқарды және қазір «Түрме халқы индексінде» Қазақстан 3-орыннан 98-ге ауысты. 

«Жалпы, елдегі демократиялық өзгерістер қылмыстық-атқару жүйесіне тікелей әсер етті. Қазір қылмыстық-атқару жүйесінің негізгі міндеттері жазаларды өтеудің тәртібі мен шарттарын қамтамасыз ету, сотталғандардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, оларды түзеу құралдарын айқындау, әлеуметтік бейімделуге көмек көрсету болып табылады. Елімізде 80 мекеме жұмыс істейді: 64 – бас бостандығынан айыру түріндегі жазаларды орындау бойынша және 16 тергеу изоляторлары. Олардың құрамында 35 мыңға жуық адам бар. Оның ішінде 30 мыңы сотталған және 4 мыңы тергеу үшін қамауға алынған, олардың негізгі бөлігі, яғни 93% ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жазасын өтейді. Шамамен 40% - бұрын сотталған адамдар. Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың толық құқылы мүшесі ретінде қылмыстық жазаларды орындау жүйесін реформалау, ұстаудың тиісті режимін қамтамасыз ету және сотталғандарды азаптаулар мен қатыгездікпен қарауға қарсы іс-қимылдың жүйелі тетігін құру жөнінде белсенді шаралар қабылдайды. Заңдылықты бұзу фактілерін болдырмау мақсатында ашықтық және айқындық саясаты іске асырылуда. Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, қоғамдық-бақылау комиссияларымен (ҚБК), ұлттық алдын алу тетігімен (ҰАТ) белсенді өзара іс-қимыл жасаймыз. Осы ұйымдардың өкілдері сотталғандармен кездесу үшін мекемелерге кез келген уақытта кіре алады. Олар жазасын өтеп жатқан адамдарды ұстау құқықтары мен шарттарының сақталуына тәуелсіз мониторинг жүргізеді», - деді спикер.  


Жүргізілген жұмыс пен олардың қатысушыларымен сындарлы диалог нәтижесінде құқыққа қарсы іс-әрекеттер фактілері барынша азайтылды. Тұрақты бақылауды прокуратура органдары да жүзеге асырады. Сонымен қатар, Комитетте сенім телефоны (72-30-65) және Төраға блогы бар. Азаматтардан өтініштер мен шағымдарды қабылдау рәсімін жеңілдету үшін WhatsAPP мессенджерінде «жедел желі» ашылды, әлеуметтік желілерде ресми парақшалар бар, Интернет кеңістігі мен БАҚ тәулік бойы мониторинг жүргізілуде.