«Енді ветеринария жүйесіндегі барлық бақылау-қадағалау функциялары бір ведомствода, атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық қадағалау және бақылау комитетінде шоғырландырылатын болады. Жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметтері тек атқарушылық функцияларды орындайды. Екіншіден, келесі жылдан бастап практикалық ветеринариялық дәрігерлердің жалақысы орта есеппен 50-60%-ға өседі деп күтілуде. Бұдан басқа, ветеринариялық дәрігерлер өзіне тән емес функциялардан (қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою) босатылып, өздерінің функционалдық міндеттерін орындау үшін ветеринариялық заңнаманы бұзушыларды жауапкершілікке тарту секілді қосымша өкілеттіктер алады. Сондай-ақ жеке сектордағы ветеринариялық практиканы дамыту үшін адамдардың денсаулығына қауіп төндірмейтін аурулардың 5 түрі бойынша күресу мен алдын алу жұмыстарын бәсекелестік ортаға беріп, саланы кеңейтпекпіз», - деді ведомство басшысы. 


Ветеринария саласын цифрландыруға ерекше көңіл бөлінеді. Қазіргі уақытта жаңа бағдарламалық өнімнің алғашқы жұмыстық нұсқасын әзірлеу аяқталуда, бұл жергілікті жерден ақпарат қалыптастыру, оны Жануарлар туралы орталық дерекқорға беру процестерін толығымен автоматтандыруға және осы процестердің барлығына адами фактор әсерін болдырмауға мүмкіндік береді. Ветеринариялық маманда осы бағдарламаның мобильді қосымшасы болады, бұл оны қағазбастылықтан босатады. Жануарда адамның жеке сәйкестендіру нөмірі сияқты бір ғана сәйкестендіру нөмірі болады деп болжануда, ол жануардың өмірлік циклінің бүкіл кезеңінде тері астындағы чипте орналасады. Келесі жылы аталған бағдарламаны бір ауданның базасында тестілік режимде сынақтан өткізіп, толық пысықталғаннан кейін 2023 жылдан бастап республика бойынша кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған.