«Аталған Заң жобасында жеке қосалқы шаруашылық қызметінің заңнамалық негізін құру қарастырылған. Өкінішке орай, бұл – адам қызметінің заңмен реттелмеген салаларының бірі. Оның мәртебесі де айқындалмаған. Біз заң жобасында жеке қосалқы шаруашылықты азаматтың жалдамалы жұмыс күшін тартпайтын кәсіпкерлік емес қызметі ретінде тіркедік. Сонымен қатар, кооперативтер арқылы оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету үшін нормалар енгізілді. Жергілікті атқарушы органдарға жергілікті мүмкіндіктер есебінен жеке қосалқы шаруашылықтарға қолдау көрсету, жергілікті бюджеттерге тиісті шығын баптарын енгізу өкілеттіктері беріледі. Мұның бәрі жеке қосалқы шаруашылықтарға қатысты әділетсіздікті жою үшін өте маңызды», - деді спикер.
Ведомство басшысы жайылымдық жерлермен және азықпен қамтамасыз ету мәселелері әлі де шешілмегенін атап өтті.
«Бұл проблема жыл өткен сайын ерекше өзектілікке ие бола түсуде. Мұны ағымдағы жылғы құрғақшылық дәлелдеп берді, осының салдарынан Маңғыстау облысы қатты зардап шекті. Шын мәнінде, биылғы жыл мал шаруашылығы саласының ауа райы жағдайына барынша осал екенін көрсетті. Кеше ғана мен өңірлерден келген фермерлермен кездестім. Бұл мәселені шешу үшін бір реттік іс-шаралар емес, жүйелі шаралар қажет», - дед министр.
Сондай-ақ, Заңның бастапқы жобасында жеке қосалқы шаруашылықтың мұқтаждығы үшін бөлінген жайылымдық жерлерге елді мекендер шегінде қолда ұстауға болатын малдың шекті санын белгілеуге мүмкіндік беретін норма болған еді. Ол нормативтен тыс мал басын алдағы мемлекеттік қолдау көлемдерін болжау және жоспарлау мақсатында енгізілді. Алайда, талқылау барысында жұртшылықтың пікірін ескере отырып, бұл норма алынып тасталды.