Оның айтуынша, платформа барлық қайырымдылық қорлардың бірыңғай қабылдау бөлмесі сияқты. Бүгінгі таңда кейбір мемлекеттік органдардың базаларымен интеграция да бар. Атқарылып жатқан жұмыстар туралы күнделікті есеп беріледі.  


«Цифрландыру платформасы қарапайым мұқтаж азаматтарға ыңғайлы болады. Бұған дейін көмекке мұқтаж азаматтар қай қорға өзінің өтінішін беру керек, ол қорды қалай табу керек деген сияқты сұрақтар көп туындаған еді. Ал енді Интернет болса болды, смартфон, компьютер арқылы бәрін платформада жасауға болады. Ол «егов» электрондық үкімет жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Қор өтінім берушіден түскен өтініш, оның жағдайы туралы біліп отырады. Қарапайым азаматтар қысылып тұрған кезде барлық қорларға жазып, өтінімдерін береді. Халық түсінуі керек. Бізде қорлар көп, олардың әрқайсысының көмек көрсету жолдары бөлек, жеке концепциясы бар, жарғымен немесе басқа да құжаттармен бекітілген бағыттары бар. Сондықтан қарбалас болмау үшін өзіндік ыңғайлы экожүйе болады. Қайырымдылық қорлар қандай өтініш келіп түскенін көріп отырады, бұл бағытта кім жұмыс істейді сол қор өтінімді қабылдайды. Қазақстанның қай өңірлерінен, ауылдардан, аудандардан қандай өтінімдер түсіп жатқанын, қандай қорлар белсенді жұмыс істеп жатқанын, өтінімді қай қор өз жұмысына алғанын біз де қарап отырамыз. Өтінім бойынша барлық құжатта дайын болғанда осы қор бізге хабарласып, қандай мәселелер туындағанын, көмекке қанша қаржы жиналғанын айтады, жетпесе көмектесуімізді сұрап, серіктес ретінде өтінім жасайды. Сонда жақсы жұмыс болады деп сенеміз. Бұдан басқа, өз көмектерін көрсетіп жатқан донорлар, яғни әртүрлі азаматтар, ірі компаниялар  да бар. Оларға да бұл платформа ыңғайлы болады», - деді спикер.  


Сондай-ақ ол әрбір өңірдегі мемлекеттік органдар өз бағыттарында жұмысын жүргізетінін, ал қор оларға қосымша көмек көрсететінін атап өтті.


«Біз ешқандай мемлекеттік органның жұмысын басып ала алмаймыз, әр жергілікті атқарушы органдарда бағдарламалар бар, бюджеттен бөлінген қаражат бар, ол жұмыс жақсы атқарылуы тиіс, ешқандай мемлекеттік органның, әлеуметік мәселелерді шешіп жүрген қайырымдылық қорлардың, Қоғамдық бірлестіктердің жұмысын тартып алмаймыз, біз тек қана серіктес ретінде оның үстіндегі көмекті көрсетеміз», - деді қамқоршылық кеңес мүшесі.