Сонымен қатар, қоғамдық инспекторлардың жұмыс істеу тәртібі де белгіленді.  

«Заңмен енгізілген қоғамдық бақылау институтын ескере отырып, жануарларға жауапкершілікпен қарау саласында қоғамдық бақылау жүргізу, сондай-ақ жеке тұлғаларға қоғамдық инспекторлардың куәліктерін беру қағидаларының жобасы әзірленді. Қазіргі және болашақ ұрпақты тәрбиелеу туралы айтатын болсақ, заңда халықты жануарларға жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу және тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру туралы ережелер қарастырылған. Бұл маңызды әрі үлкен жұмыс. Халықты жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнама туралы хабардар ету, білім беру жүйесінде биоэтика курстарын оқыту, көрмелер, семинарлар және басқа да іс-шаралар өткізу жұмыстарына басым бағыттардың біріне айналып, барлық азаматтардың күнделікті өміріне енуі тиіс.  
Заң және әзірленіп жатқан нормативтік-құқықтық актілер пакеті жануарларға қатысты иттерді төбелестіру, ветеринарлық операцияларды наркозсыз жүргізу, жануарларды жазасыз өлтіру, жануарларды тоздырып, дер кезінде көмек көрсетпеу, мейрімсіздікпен аулау сияқты жағымсыз көріністерге тосқауыл қояды», - деді спикер.  


Аталған барлық НҚА жобаларының мәтінімен «Ашық НҚА» сайтында танысуға және өз ұсыныстарыңызды қалдыруға болады. Ведомство өкілі азаматтық секторды қоғамдық тыңдауларға белсенді қатысуға шақырды. Министрлік өкілдері кез келген ұсыныстарды, әсіресе иттер мен мысықтарды аулау тәртібіне қатысты ұсыныстарды қарауға және талқылауға дайын. Өйткені бұл қоғамда қызу пікірталас тудырады.