Мемлекеттік басқару академиясында білім алып жатқан шетелдік студенттер бар. Олар өз елдерінде біздегі дағдыларды пайдаланып жүр ме? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте оқу орнының ректоры Ерлан Әбілге журналистер осындай сұрақ қойды.
«Мемлекеттік басқару академиясының серіктесі - Мемлекеттік қызмет жөніндегі Астана ХАБ-ы. Бұл ұйымның қолдауымен жыл сайын белгіленген мөлшерде грант бөлінеді. 20-ға жуық мемлекеттік қызметші білім алады. Оның ішінде, Моңғолия, Украина, Түркия, БАӘ, Мальдив аралы, Ауғанстан өкілдері білім алды және оқып жатыр. Сонымен қатар, немістің Ханс Зайдель қорымен бірлесіп, Қырғызстан мен Тәжікстанның мемлекеттік қызметшілерін оқытамыз. Оларды оқыту барысында жалпы әлемдік және қазақстандық тәжірибе туралы айтылады. Олар өз ғылыми жұмыстарын, магистрлік жобаларын салыстырмалы түрде жазады. Қазақстанның тәжірибесін өз елінде қалай қолдануға болады және оның тиімді тұстары қандай деген сияқты сұрақтарға жауап алады. Академияда мемлекеттік қызметшілерге маңызды шетелдік тәжірибе тек әдебиет немесе сайт арқылы ғана емес, нақты сол елдердің мемлекеттік қызметшілерінің айтқанымен, олардың жақсы тәжірибелерін бізге енгізу бойынша да жұмыс жүргізіледі. Бұл үрдіс жалғасын табады», - деді спикер өз жуабында.